Eurostar-дағы ереуілден Париж–Лондон бағытындағы бірнеше пойыз тоқтап қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Франция астанасында Eurostar компаниясы қызметкерлерінің күтпеген ереуілі салдарынан Париж бен Лондон арасындағы бірнеше пойыз рейсі тоқтатылып, тағы бірқатары кешікті. Теміржол операторы жолаушыларға сапарларын кейінге қалдыруға кеңес берді, деп хабарлайды Euronews .

Фото: Le Parisien, Arnaud Journois

Сәрсенбі күні Париж – Лондон бағытындағы бірнеше пойыз рейсі компанияның Франция астанасында жұмыс істейтін қызметкерлерінің ереуіліне байланысты тоқтатылды.

Оператордың хабарлауынша, компанияға ереуіл басталғаны туралы ақпарат сәрсенбіге қараған түні жеткен. Наразылық акциясына пойыз машинистері мен менеджерлер қатысқан.

Eurostar өкілінің айтуынша, сәрсенбі күні Париж бен Лондон арасында қатынайтын жолаушыларға түнде басталған ереуіл әсер еткен.

– Өкінішке қарай, соның салдарынан кейбір рейстер тоқтатылды. Басқа бағыттарға тікелей әсер етпегенімен, жанама қиындықтар мен кідірістер болуы мүмкін, – делінген компания хабарламасында.

Кемінде алты пойыз рейсі тоқтатылған. Олардың қатарында Брюссельден шыққан бір пойыз да бар. Тағы бес рейс кешіккен.

Париждегі Гар-дю-Нор вокзалынан Лондондағы Сент-Панкрас Интернешнл стансасына бара жатқан жолаушылардың бірі Euronews тілшісіне бастапқыда пойыздың кешігуіне жолаушылар санының күтпеген жерден көп болуы себеп деп түсіндірілгенін айтқан. Кейін компания электронды хат жолдап, кідірістің себебі кенеттен басталған ереуіл екенін нақтылаған.

Сәрсенбі күні таңертең Парижден Лондонға қатынаған пойыз жолаушыларының біріне жіберілген хабарламада қызметкерлердің бір бөлігінің күтпеген ереуіліне байланысты пойыз шамамен 90 минут кешігетіні айтылған. Ауысып мінетін пойыздары бар жолаушыларға компания қызметкерлеріне жүгіну ұсынылған.

Рейсі тоқтатылған жолаушыларға билеттерін басқа күнге ауыстыруға немесе ақшасын толық қайтарып алуға мүмкіндік берілген.

Eurostar компаниясы әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы да жолаушыларды ықтимал кешігулер мен рейстердің тоқтатылуы туралы хабардар етіп отырған.

Компания кәсіподақтармен келіссөздер жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Еске сала кетсек, 16 қараша күні АҚШ-та үшінші күн қатарынан мыңдаған рейс тоқтатылып, кейінге шегерілгенін жаздық.