Франция, Бельгия және Нидерландыда аптап ыстықтан 3,7 мың адам қайтыс болды

АСТАНА. KAZINFORM – Маусым айындағы аптап ыстық кезінде Франция, Бельгия және Нидерландыда кемінде 3,7 мың артық өлім жағдайы тіркелді, деп хабарлайды Reuters .

Фото: РИА Новости

Агенттік таратқан мәліметке сәйкес, ең жоғары көрсеткіш Францияда байқалды. Елде 22–28 маусым аралығында аптап ыстыққа байланысты 2 025 адам қаза тапқан.

Бельгияда 18–29 маусым аралығында шамамен 1,2 мың өлім тіркелсе, Нидерландыда аптап ыстық салдарынан 480-ге жуық адам көз жұмған. Үш елде де қайтыс болғандардың басым бөлігін егде жастағы адамдар құрайды.

Маусым айының соңында Батыс Еуропаның бірқатар елін, әсіресе Франция, Испания, Италия және Германияны аномальды ыстық жайлады.

Францияда 24 маусым күні Паллюо коммунасында ауа температурасы 43,8 градусқа жетіп, елдегі метеобақылау тарихындағы ең ыстық күн ретінде тіркелді.

Айта кетейік, ШҚО тұрғындары аптап ыстыққа байланысты дәрігерлерге жиі жүгіне бастағанын жаздық

Ал АҚШ-та аптап ыстық салдарынан шамамен 162 миллион адамның өміріне қауіп төніп тұр.

Сондай-ақ ми қайнатар ыстықтың салдарынан Францияның оңтүстігінде орман өрті өршіді.