Бірінші лигада қарағандылық «Шахтер» клубы премьер-лига жолдамасына мерзімінен бұрын ие болған еді. Осы тур барысында қарағандылықтар өз алаңында Шымкенттің «Академия Оңтүстік» командасын 2:0 есебімен жеңді. Бұл кездесуден кейін «Тұранның» да премьер-лигаға шыққаны белгілі болды. Өйткені шымкенттіктер қалған екі турда жеңіске жетсе де, түркістандықтарды қуып жете алмайды.
«Жайық» 31 ұпаймен турнир кестесінде 6-орында келе жатқан еді.
Бірінші айналымда Түркістанда «Тұран» мен оралдық маман Вячеслав Невольников жаттықтыратын «Жайық» 2:2 есебімен тең тарқасқан еді.
Бұл жолы бірінші таймда оралдықтардан 18 жастағы Дидар Даниялов өз қақпасына гол соғып алды. Дегенмен тайм соңында 11 метрлік нүктеден мүлт кетпеген Темірлан Үмбетов таразы басын теңестірді — 1:1. Бұл Т.Үмбетовтің осы маусымдағы төртінші голы еді.
Екінші таймда қонақтар көбірек шабуылдап, алаң иелерінің қақпасына қауіп төндірді. «Жайықтың» қақпашысы Ильдар Меңдіғалиев бірнеше рет сәтті ойнады. Матч соңына таман «Тұранның» қақпашысы Никита Калмыков та командасын голдан құтқарды. Ақыры тең нәтиже тіркелді.
15 қазанда өтетін 25-турда «Тұран» Түркістанда «Шахтерді» қабылдаса, «Жайық» сырт алаңда «Тобыл жастарымен» кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бірінші лигада «Жайықтың» сырт алаңда «Тұранмен» тең ойнағанын жазған едік. Сондай-ақ бірінші лигада «Жайық» өз алаңында «Таразды» тізе бүктірді.