Футболдан ел біріншілігінде Мақтарал мен Қызылжар тең түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 20-туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған турды Түркістанда «Мақтарал» мен Петропавлдың «Қызылжар» командалары түйіндеді.

Ойын барысында петропавлдық клуб алғашқы болып есеп ашты. Олардың құрамынан Элгуджа Лобжанидзе 5-минутта гол соқты. Оған «Мақтарал» сапынан Драмане Коне 59-минутта бір голмен қайырды.

Осылайша командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.

«Атырау» өз алаңында Түркістанның «Тұран» командасына 0:2 есебімен жеңілсе, Қарағандыда «Шахтер» Ақтаудың «Каспий» командасына 0:1 есебімен жол берді.

Айта кетсек, 14 қыркүйекте елордалық «Астана» өз алаңында Қостанайдың «Тобылына» 0:2 есебімен есе жіберді .

Сондай-ақ, «Ақтөбе» «Таразды» 1:0 есебімен жеңді .

Бүгін, 15 қыркүйекте енді «Ақсу» мен «Ақжайық», «Қайрат» пен «Ордабасы», «Мақтарал» мен «Қызылжар» кездеседі.

Енді 21-тур ойындары 1 және 2 қазан күндері өткізіледі. Оған дейін ел құрамасының Ұлттар лигасындағы ойындарына байланысты аздаған үзіліс болады.