Футболдан ел біріншілігінде «Тұран» мен «Каспий» жеңіске жетті

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 20-турындағы тағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі ойынның бірінде «Атырау» өз алаңында Түркістанның «Тұран» командасын қабылдады.

Турнир кестесінде түркістандық клуб төменгі орынның бірінде келеді. Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін оларға әрбір ойында ұпай еншілеу қажет.

Бүгінгі кездесуде «Тұран» сапынан Жоалисон Сантос Оливейра 16-минутта есеп ашса, Бекзат Қабылан 55-минутта есепті үстемелей түсті.

Аталған ойында «Тұран» 2:0 есебімен басым түсті.

Тағы бір кездесуде Қарағандыда «Шахтер» Ақтаудың «Каспий» командасымен шеберлік байқасты.

Ойынның 85-минутында ақтаулық командадан Руан Телеш гол соқты.

Осылайша қарағандылық клуб қарсыласына 0:1 есебімен жол берді.

Айта кетсек, 14 қыркүйекте елордалық «Астана» өз алаңында Қостанайдың «Тобылына» 0:2 есебімен жол берді.

Сондай-ақ, «Ақтөбе» «Таразды» 1:0 есебімен жеңді.

Бүгін, 15 қыркүйекте енді «Ақсу» мен «Ақжайық», «Қайрат» пен «Ордабасы», «Мақтарал» мен «Қызылжар» кездеседі.


Соңғы жаңалықтар