АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің күнтізбесі белгілі болды. Биыл 33-ші мәрте жалауын көтеретін доп додасы 1 наурызда басталып, 10 қарашада мәресіне жетеді.
Алғашқы турда 1 наурызда елордалық «Астана» мен «Жеңіс» командалары кездеседі.
Бас қаланың қос командасы арасындағы дерби жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық туғызып отыр.
Дәл сол күні «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ақтөбе», «Жетісу» (Талдықорған) мен «Ақсу» (Павлодар облысы) жасыл алаңға шығады.
Ал 2 наурызда «Қайрат» (Алматы) пен «Қызылжар» (Петропавл), «Елімай» (Семей) мен «Атырау», «Ордабасы» (Шымкент) мен «Шахтер» (Қарағанды), «Тобыл» (Қостанай) мен «Тұран» (Түркістан) шеберлік байқасады.
Премьер-Лига чемпионы атағы үшін биыл республиканың 13 өңірінен 14 клуб таласады.
Ойындарды «Qazsport», «Qsport» және жаңа «Qfootball» телеарналары тікелей эфирде ұсынады.
Еске салсақ, «Ордабасы» Winter Cup футбол турнирінің жеңімпазы атанды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.