«Ордабасы» Winter Cup футбол турнирінің жеңімпазы атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Шымкенттің «Ордабасы» клубы футболдан Қазақстан клубтары арасында өткен Winter Cup турнирінің жеңімпазы атанды. Олар финалда Қостанайдың «Тобылынан» басым түсті.
Кездесу барысында шымкенттік клуб сапында Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан секілді тәжірибелі футболшылар жасыл алаңға шыққан жоқ.
Тіпті, олар қосалқы құрам тізіміне де қосылмады.
Ойын барысында командалар бір-бірінің қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Соған қарамастан бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.
Екінші кезеңде де футболшылар көздеген нысанадан мүлт кетіп жатты.
Осылайша ойынның негізгі кезеңі 0:0 есебімен аяқталып, пенальти тебуде «Ордабасының» жолы болды.
Нәтижесінде алғаш рет өткізіліп отырған «Winter Cup» турнирінде жеңімпаз атанды.
Жаңа маусым алдындағы турнир барысында 100 миллион теңге сарапқа салынады.
Доп додасының жеңімпазы 60 млн теңгеге ие болса, екінші орын алған клуб 40 млн теңгеге қол жеткізеді.
3-орын үшін сайыста «Елімай» мен «Ақтөбе» кездесуінің негізгі кезеңі 2:2 есебімен тең аяқталып, пенальтиден «Ақтөбе» 3:2 есебімен басым түсті.
Еске салсақ, жартылай финалда «Тобылы» «Ақтөбені» 4:2, Шымкенттің «Ордабасы» клуб «Елімайды» 4:0 есебімен тізе бүктірді.
Сондай-ақ, енді 25 ақпанда Түркия жерінде Қазақстан суперкубогында «Ордабасы» (Шымкент) пен «Тобыл» (Қостанай) кездеседі.