АСТАНА. ҚазАқпарат – Футзалдан Қазақстан құрамасы бүгін әлем чемпионатының 2-іріктеу сатысында төртінші ойынын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Доп додасында қазақстандық футзалшылар 5-топта сынға түсуде. Қарсыластары - Словения мен Черногория.
Бүгін қазақстандық футзалшылар Словениямен шеберлік байқасады. 2022 жылдың 8 қазанында елімізде өткен алғашқы кездесуде қазақстандықтар 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.
Кездесу елорда уақытымен 22:50-де басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Сондай-ақ, олар Черногорияны 7:0, 5:1 есебімен тізе бүктірген еді.
Ел құрамасы 5-топта 3 ойыннан кейін 9 ұпаймен көш бастап келеді. Ал Словенияның еншісінде 6 ұпай бар.
Енді ел құрамасы Словениямен кездесуде кем дегенде тең түскен жағдайда элиталық сатыға жолдама алады.
Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының элиталық сатысында 2000, 2016, 2021 жылдарда сынға түсті. Олар 2021 жылы 4-орынға табан тіреді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.