Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Қайрат» соңғы матчын ірі жеңіспен түйіндеді

АСТАНА. KAZINFORM — Загреб қаласында (Хорватия) футзалдан Чемпиондар лигасының элиталық кезеңінде «Қайрат» командасы B тобындағы соңғы кездесуін хорватиялық «Футзал Динамомен» өткізді.

Фото: instagram.com/afckairat

Испаниялық маман Марлон Веласке жаттықтыратын алматылықтар осыған дейін екі ойынында қарсыластарын тізе бүктіріп, мерзімінен бұрын финалдық кезеңге жолдама алған еді. 

Бірінші таймда 19-минутта хорватиялық клубтан Даниэль Деканич «Қайраттың» қақпашысы, бразилиялық Деннистің қателігін пайдаланып, есеп ашты. Осы кезеңнің аяқталуына санаулы секундтар қалғанда, Эдсонның соққысын «Футзал Динамо» қақпашысы қайтарғанымен, Геге мүлт кеткен жоқ – 1:1.

Екінші таймда 32-минутта хорватиялық қорғаушы Миховил Пргомет өз қақпасына гол соғып алды. Бір минуттан кейін Эдсонның пасын Біржан Оразов керемет пайдаланды. 37-минутта Алиссон есепті 4:1-ге жеткізді. Соңғы минутта Занотто матчтың нүктесін қойды – 5:1.

Осылайша, «Қайрат» соңғы матчын ірі жеңіспен түйіндеп, ұпай санын 9-ға жеткізді.

Барлық топтық бәсекелер мәресіне жетіп, алдағы жылы мамыр айында өтетін Чемпиондар лигасының төрттік финалына қатысатын командалар белгілі болды. Оған Испаниядан «Пальма» мен «Картахена», Қазақстаннан «Қайрат» және Португалиядан «Спортинг» жолдама алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Қайраттың» футзалдан Чемпиондар лигасының финалдық кезеңіне шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ «Семей» футзал клубы словакиялық қарсыласын ірі есеппен жеңді.

Дегенмен элиталық кезеңге алғаш рет қатысқан семейліктер D тобынан финалдық кезеңге өте алған жоқ. Бұл топтан 7 ұпаймен Чемпиондар лигасының екі дүркін жеңімпазы, испаниялық «Пальма» клубы озық шықты.