Гонконгтегі алапат өрттің шығу себебі туралы болжам жасалды
АСТАНА. KAZINFORM — Гонконгтегі тұрғын үй кешеніндегі апатты өрттің себебі ретінде бамбуктан жасалған құрылысқа тасталған темекіден болуы мүмкін деген болжам бар, деп хабарлайды BILD.
Алғашқы болжамдарға сәйкес, фотосуреттерде үйлердің қабырғалары бойында бірнеше бамбуктан жасалған құрылыс сатысы өртеніп, одан жанған заттар құлағаны көрінеді. Сарапшылар өрттің таралуына бамбуктың, Гонконгте құрылыс сатысына жиі қолданылатын материалдың ықпалы бар-жоғын зерттеп жатыр.
Кико Ма Канадада тұрады, бірақ оның Wang Fuk Court тұрғын үй кешенінде пәтері бар. Оның айтуынша, бір жылдан астам уақыт жөндеу жұмыстарына байланысты пәтер терезелері пенополистиролмен жабылған, ал билік пікірінше, бұл да өрттің таралуын жылдамдатқан. Кико кейде терезелер жанынан шылым қалдықтарын тауып отырған, оны құрылысшылар тастаған деп санайды.
— Адамдар үнемі өрт шықса не болатынын сұрайтын. Барлығы қатты уайымдады, — дейді ол.
Тұрғын үй кешеніндегі басқа да проблемалар көп. Кейбір өрт дабыл сигнализациялары жөндеу кезінде ажыратылған, себебі құрылысшылар ғимаратқа кіру және шығу үшін өрт сатысын үнемі пайдаланған.
South China Morning Post басылымына өз атын Тан деп көрсеткен куәгер, оның және көршілерінің құрылыс сатысына орнатылған желілерге қатысты алаңдаушылықтары болғанын айтты. Өрт сөндірушілердің пікірінше, қорғаныш пластикалық жабындар кәдімгі материалдарға қарағанда әлдеқайда тез өртенген.
Гонконг полициясы ғимараттарды жөндеумен айналысқан құрылыс компаниясының екі жетекшісі мен бір кеңесшісін абайсызда кісі өлтіру айыбымен қамауға алды.
— Бізде компанияның жауапты қызметкерлері салғырт әрекет еткен деп есептеуге негіз бар. Өрт бақылаудан шығып кетіп, салдарынан көптеген адам қаза тапты, — деді Гонконг полициясының қызметкері Эйлин Чун.
Айта кетелік Гонконгтағы өрттен қаза тапқандар саны 55-ке жеткен еді.
Еске салсақ, бұдан бұрын 13 адам қаза тауып, 16 адам ауыр жарақаттар мен күйік алғаны хабарланған еді. Гонконгтағы тұрғын үй кешенінде тұтанған өртпен күресу үшін 767 өрт сөндіруші, 400 полиция қызметкері, 128 өрт техникасы және 57 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылды.