«Сіздер 2026 жылы да бюджет қолдауына арналған гранттарды көрмейсіздер. Біз онымен айналыспаймыз. Бүгінгі жағдай бойынша Еуроодақтың түрлі ведомстволарымен гранттар тарту бағытында жұмыс жүргізілмей отыр, себебі біздің жарияланған саясатымыз — бюджет қолдауына арналған гранттармен жұмыс істеуге негізделмеген», деді Какауридзе.
Министрдің бірінші орынбасары ЕО гранттарынан бас тартуға қарамастан, Грузия қарыз алатынын атап өтті. Бұл қаражат инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады.
2024 жылғы 28 қарашада «Грузия арманы — Демократиялық Грузия» билеуші партиясы ЕО-мен мүшелікке кіру жөніндегі келіссөздерді ашу мәселесін 2028 жылға дейін тоқтата тұру және Еуроодақ тарапынан барлық бюджеттік гранттардан бас тарту туралы шешім қабылдаған еді. Сол кезде Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе Тбилисидің ЕО-ға кіру бойынша өз міндеттемелерін тек өз бюджетінің есебінен орындауды жалғастыруға ниетті екенін айтқан.
Еске сала кетейік, жуырда ЕО Грузияны демократиялық жолдан шегінгені үшін сынға алғанын жаздық.
Ал оған дейін Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас сейсенбі күні 2030 жылға дейін ЕО-ға жаңа мемлекеттерді қабылдау «реалистік мақсат» екенін мәлімдеді.