Грузияда ұлттық аза тұту жарияланды

Фото: Интерпрессньюс

АСТАНА. KAZINFORM – Грузияда патриарх Илия II-нің қайтыс болуына байланысты ұлттық аза тұту күні жарияланды. Бұл туралы грузиялық «Интерпрессньюс» агенттігі жазды.

Үкіметтің мәліметіне сүйенсек, ел бойынша барлық әкімшілік ғимараттарда мемлекеттік тулар төмен түсірілген. 

Грузин православие шіркеуі басшысының қайтыс болғанын бүкіл Грузияның Католикос-Патриархының міндетін атқарушы, митрополит Шио хабарлаған.

— Бүкіл Грузияның Католикос-Патриархы, қасиетті әрі мәртебелі Илия II қайтыс болды. Ол — тұтас бір дәуірдің тұлғасы еді. Оның дүниеден өтуі бүкіл православ әлемі үшін орны толмас қайғы, — деп мәлімдеді ол.

Патриарх Илия II 94 жасында Тбилиси қаласындағы Кавказ медициналық орталығында көз жұмды. Ол денсаулығының күрт нашарлауына байланысты ауруханаға жатқызылған. Ауруханада премьер-министр Ираклий Кобахидзе бастаған үкімет мүшелері, сондай-ақ Грузия президенті Михаил Кавелашвили болған.

Патриархияның қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Андрия Джагмаидзе патриарх Илия II-нің дене Тбилисидегі Қасиетті Үштік соборына жерленетінін мәлімдеді. Жерлеу орны мен өзге де мәліметтер кейінірек қосымша жарияланады.

Денсаулық сақтау министрі Михаил Сарджвеладзе патриархтың ауруханаға алдыңғы түні жеткізілгенін нақтылады. Оның айтуынша, өлімге бүйрек, өкпе және жүрек жеткіліксіздігінен туындаған асқынулар себеп болған. Науқас клиникаға асқазаннан қан кету жағдайымен түсіп, жансақтау бөліміне жатқызылған.

Айта кетейік, өткен айда Оңтүстік Кореяның экс-премьері Ли Хэ Чхан қайтыс болғанын жаздық.

Грузияның бұрынғы премьер-министрі бес жылға бас бостандығынан айырылды.