Гурбангулы Бердімұхамедов алғаш рет өткізіліп отырған «ШЫҰ плюс» форматындағы кездесуге қатысады, ол «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» ұранымен өтеді. Отырысқа байқаушы мемлекеттердің басшылары, құрметті қонақтар және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады.
Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы дипломатиялық қатынастар достық пен стратегиялық әріптестік негізінде дамуда. Транзиттік-көлік саласында бірлескен өзара тиімді жобалар бар, газ саласындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша қадамдар белгіленген.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы өзара сауда көлемі $563 млн құрады, осылайша 2022 жылмен салыстырғанда 28%-ға ұлғайды. Биыл да оң үрдіс сақталды: 4 айда өзара сауда көлемі өсіп, $167,8 млн-ға жетті.
Айта кетейік, Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитіне қатысу үшін елімізге Ресей президенті Владимир Путин, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш, Моңғолия президенті Ухнаагийна Хурэлсухан, Әзербайжан президенті Ильхам Алиев, Пәкістан Премьер-Министрі Шахбаз Шариф, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған, Қатар әмірі Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни, Иран Ислам Республикасының президентінің міндетін атқарушы Мохаммад Мохбер және т.б. келді. Ал, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Астанаға 2 шілде күні келді. Мемлекеттік сапармен келген төрағаны әуежайдан Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты түрде қарсы алды.