Халықаралық іздеудегі Ұлан Байболов Кореядан Қазақстанға жеткізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржылық мониторинг агенттігі Интерпол қолдауымен бұғандейін халықаралық іздеу жарияланған Ұлан Мұхтарұлы Байболовты Корея Республикасынан Қазақстанға қайтарды.

Фото: Солтан Жексенов\Kazinform

Тергеу деректеріне сәйкес, Ұ.М. Байболов салықтар менбюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жүйелі түрде төлеуден жалтарумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болған.

— Қылмыстық әрекет мынадай жолмен жүзеге асырылған: кәсіпорындар сатып алынып, жалған басшылардың атына қайта тіркелген, олардың банк шоттары арқылы қаржы операциялары жүргізілген, салық есептілігіне көрінеу бұрмаланған мәліметтер енгізіліп, кейін қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған, — деп хабарлады агенттіктен.

Осы тәсілде пайдаланылған кәсіпорындардың бірі «Сфера»ЖШС. 2014 жылы Ұ.М. Байболов аталған серіктестік директорының орынбасары қызметіне тағайындалған.

— Нәтижесінде топ мүшелері серіктестіктің есеп айырысу шоттарынан 2,5 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұдан бөлек, қосымша есептелген салық көлемі 1 млрд теңгеден асқан, — делінген хабарламада.

Сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпаушарасын санкциялады. Тергеу жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-бабының 1-тармағына және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі екені заңды күшіне енген сот үкімімен анықталғанға дейін ол кінәсіз деп есептеледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Вьетнам Социалистік Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен құмар ойындарын жарнамалаған күдікті Қайсар Қамзаны экстрадициялаған болатын.