— Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында еліміздің өңірлерінде 21 білім беру нысанын салу көзделген. Балалардың сапалы білім алуын және қажетті жан-жақты қолдау аясында еліміздің 20 өңірінде оңалту және сауықтыру бөлмелері бар жаңа форматтағы 20 инклюзивті мектеп кешенін салу жоспарланған, — деді Жайық Шарабасов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Бұдан бөлек ол жаңа мектептер салумен қатар, қолданыстағы білім беру инфрақұрылымын жаңартуға ерекше назар аударылғанын еске салды. 2019–2026 жылдар аралығында 1 916 мектепте күрделі жөндеу жүргізілген.
— Негізгі бағыттардың бірі — мектептерді жаңғырту. Бұл шара балалардың білім алуы мен дамуы үшін қолайлы әрі қолдау көрсететін орта қалыптастыру, сондай-ақ мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту арқылы қалалық және ауылдық білім беру мекемелері арасындағы білім сапасы алшақтығын қысқартуға бағытталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2023–2025 жылдар аралығында еліміздің шағын қалаларында, аудан орталықтары мен ауылдарда орналасқан 3 008 мектеп ауқымды түрде жаңғыртылды. Жыл сайын шамамен мыңға жуық білім беру мекемесі жаңартылып отырды, — деді вице-министр.
Бұған дейін «Халықтық құрылыс» бағдарламасы қалай жүзеге асырылатынын жазған едік.