Хантавирус бірнеше елге тарады: жаппай дүрбелеңге негіз жоқ – ДДҰ

АСТАНА. KAZINFORM – Хантавирус Таяу Шығысқа да жетті. Израильде вирус жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді, деп жазды mir24.tv.

Фото: Shutterstock/FOTODOM/ Nuzhat Gallery

Инфекцияның белгілері бар науқас Израильге Шығыс Еуропадан келген. Ал АҚШ билігі індет шыққан круиз лайнерінен байланыста болған адамдарды анықтау аяқталмай тұрып кетіп қалған 20 жолаушыны іздеп жатыр. Вирус біртіндеп түрлі құрлықтарға таралып жатқанымен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаппай дүрбелеңнің алдын алуға тырысып жатыр. Ал ресейлік сарапшылар ТМД елдерінде эпидемия болуы екіталай екенін алға тартып отыр.

ДДСҰ мәліметінше, қазірге дейін әлемде сегіз адам вирус жұқтырған. Олардың бірі қауіпті лайнерде болмаған. Израиль азаматы хантавирус жұқтырып, Шығыс Еуропаға сапардан оралған.

Бұған дейін круиз лайнерінің екі жолаушысы Нидерландқа жеткізілді. Олар Кабо-Вердеде кемеден түсірілген. Екеуінен де аурудың айқын белгілері байқалған. Қазір лайнер Канар аралдарына бет алып барады. Испания билігі жолаушыларды үйлеріне қайтару үшін бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шараларын әзірлеп жатыр. Егер олардан ауру белгілері анықталмаса, эвакуация 11 мамырда басталады.

БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррикнің айтуынша, Кабо-Вердеде ДДСҰ сарапшысы кемеге көтерілген. Оған Нидерландыдан келген екі дәрігер мен Аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі Еуропалық орталықтың сарапшысы қосылған.

– Олар борттағы барлық адамды медициналық тексеруден өткізіп, жұқтыру қаупін бағалау үшін ақпарат жинап жатыр, – деді ол.

Туристік лайнер Аргентинаның Ушуайя қаласынан Испанияның Кабо-Верде аралдарына бет алған. Белгісіз инфекция Атлант мұхитында жүрген кезде тарай бастаған. Алғашқы науқас 11 сәуірде қайтыс болды. Кейін тағы екі адам көз жұмған. Кемеде нақты диагноз қойылып, білікті медициналық көмек көрсетілмегендіктен, бастапқыда өлім себебі жүрек-өкпе жеткіліксіздігі деп көрсетілген.

Эпидемия лайнер Әулие Елена аралына тоқтағаннан кейін жарияланды. Сол кезде борттан кемінде 14 елден келген 40 адам жағаға түскен. Олардың көпшілігі қазір үйлеріне оралған. Дәрігерлер Сингапурдың екі, АҚШ-тың алты азаматын бақылауға алған. АҚШ билігі олармен байланыста болған адамдарды анықтау үшін іздеу жариялаған.

АҚШ президенті Дональд Трамп жағдай бақылауда деп үміттенетінін айтты.

– Мәселе кемеде болды. Ертең толық есеп дайындалады деп ойлаймын. Бұл мәселені көптеген мықты маман зерттеп жатыр, – деп жазды Трамп.

Қазіргі таңда хантавирусқа қарсы нақты дәрі жоқ. Вакцина әзірленіп жатыр. Оның ішінде Гамалея институты жасап жатқан алғашқы вакцина шамамен бір жарым жылдан кейін пайда болуы мүмкін. Емдеу иммунитетті қолдауға бағытталған. Ауру белгілері тұмауға немесе ауыр улануға ұқсайды.

Вирусолог Сергей Нетесовтің айтуынша, хантавирустың екі тармағы бар.

– Бір тармағы адамдарда бүйрек синдромымен өтетін геморрагиялық қызбаны тудырады. Бұл топқа Ресейде де кездесетін көптеген вирус кіреді. Ал екінші тармақ хантавирустық өкпе синдромын туғызады. Ол ауыр вирустық пневмонияға әкеліп, өлім-жітім көрсеткіші 30–50 пайызға дейін жетеді, – дейді вирусолог маман.

Лайнердегі жұқтырғандардан анықталған штамм – Андес вирусы. Ол хантавирустың адамнан адамға жұғатын жалғыз түрі саналады. Соған қарамастан, ДДСҰ эпидемиологы Мария ван Керхове жаппай үрейленуге негіз жоқ екенін айтты.

– Жалпы халық үшін қауіп төмен. Бұл келесі COVID емес екенін айтқым келеді. Алайда бұл – өте қауіпті инфекциялық ауру, – деді ол.

Ғалымдардың пікірінше, жұқтыру оқиғасы лайнерге отырмас бұрын Аргентина немесе Чилидегі сапар кезінде болған. Вирустың негізгі тасымалдаушысы – ұзын құйрықты күріш хомягы. Вирус оның сілекейі мен нәжісі арқылы таралады. Тіпті ауа арқылы тыныс алу кезінде де жұқтыру қаупі бар.

Мамандар аурудың таралуын климат өзгерісімен байланыстырады. Қыстың жұмсақ болуы кеміргіштердің көбірек көбеюіне жағдай жасап, адаммен байланыс қаупін арттырады.

Еске сала кетсек, 9 мамыр күні MV Hondius круиз кемесінде екі Ұлыбритания азаматының хантавирус жұқтырғаны белгілі болды. Одан кейін Испанияда тағы екі адам хантавирус жұқтырды.