«Хезболла» Израильмен тікелей келіссөздерді жоққа шығарды

Фото: t.me/QudsN

АСТАНА. KAZINFORM — Шииттік қозғалыс ықтимал диалогқа қатысты өз шарттарын ұсынып, Ливан билігін ішкі консультациялар өткізуге шақырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

«Хезболла» ұйымының бас хатшысы Наим Касем дүйсенбі күні Ливанда Израильмен тікелей келіссөздер жүргізу мүмкіндігі талқыланып жатқан тұста мәлімдеме жасады. Ол мұндай байланыс форматын қабылдамайтынын айтып, қозғалыс қарусыздану мәселесін талқылауға ниетті емес екенін растады. Бұл туралы «Аль-Манар» телеарнасы хабарлады.

Оның айтуынша, кез келген байланыс тек бірқатар шарт орындалған жағдайда ғана мүмкін. Атап айтқанда, құрлықта, теңізде және әуеде жасалып жатқан шабуылдардың тоқтатылуы, Израиль әскерінің басып алынған аумақтардан шығарылуы, тұтқындардың босатылуы, тұрғындардың өз қалалары мен ауылдарына оралуы және инфрақұрылымды қалпына келтіру талап етіледі.

Касем сондай-ақ Ливан билігін тікелей келіссөздерден бас тартып, жанама форматқа көшуге шақырды. Сонымен бірге «қарсылықты» қылмыстандыруға бағытталған шешімдерді қайта қарап, ішкі диалог бастауға үндеді.

— Біз қарудан бас тартпаймыз және қарсылықты жалғастырамыз. Қандай қауіп болса да, шегінбейміз, мойымаймыз және жеңілмейміз, — деді ол.

Оның сөзінше, АҚШ-тың қолдауына қарамастан, Израиль 2024 жылғы 23 қыркүйектен бері жүргізіп жатқан әскери науқанында көздеген мақсаттарына жете алмады.

— Қарсылас тығырыққа тірелді, ал қарсылық тұрақты күйінде қалып, оны жеңу мүмкін емес, — деді Касем.

Оның мәлімдеуінше, «Хезболланың» әлеуеті «сарқылмайтын» күйде қалып отыр, ал Израиль күштері күтпеген деңгейдегі қарсылыққа тап болған. Ұйым басшысы қозғалыс Израиль әскерін шығару мен Ливанның оңтүстігіне тұрғындарды қайтару мақсатында күресті жалғастыратынын айтты.

Сондай-ақ ол қозғалыс наурыз айына дейінгі жағдайға қайта оралмайтынын және Израиль әрекеттеріне жауап беруді жалғастыратынын жеткізді.

Н.Касемнің айтуынша, топтың әскери іс-қимылдарын жалғастыруы Израиль басшылығы үшін елдің солтүстігінде қауіпсіздіктің қалпына келгенін мәлімдеуді қиындатып отыр.

Оқи отырыңыз:

Ливан мен Израиль арасындағы бітім үш аптаға ұзартылды — Трамп.

Израиль шабуылдарынан Ливанда қаза тапқандар саны 2509 адамға жетті.

30 жылдағы алғашқы келіссөздер: Вашингтондағы Израиль мен Ливан кездесуі нені білдіреді.