Хостелдегі өрт: айыпталушылар соңғы сөзін айтты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда хостелдегі өртке қатысты сот отырысы өтті.
Бүгін сотта айыпталушылар – ALA Hostel директоры Әділбек Мұхамедьяров пен «Гидсервис» компаниясының иесі Александр Пекельник соңғы сөзін айтты. Екеуі де ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігі бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болғаны үшін айыпталып отыр.
Әділбек Мұхамедьяров соттан бас бостандығынан айырмауды сұрады. Ол өзінің 5 кәмелетке толмаған баласы мен қарт ата-анасы бар екенін еске салды.
– Жәбірленушілерге материалдық көмек көрсеткенімді ескеруді сұраймын. Егер мүмкіндік болса, бостандықта жүріп, әрі қарай да көмектесіп, қоғамға пайда әкелгім келеді. Мен үшін ең маңыздысы — соттың әділ шешімі, - деді ол.
Екінші айыпталушы – Александр Пекельник қаза болғандардың отбасына көңіл айтты. Ол «КУСА Халық» компаниясына қызмет көрсеткен кезде кейбір құжаттарда кемшіліктер кеткенін мойындады, алайда оның хостелге және қайғылы оқиғаға қатысы жоқ екенін атап өтті.
– Бұл хостел ашылмай тұрып, әлдеқайда бұрын жасалған қызмет болатын. Бұл нысанның хостел ретінде пайдаланылуы мүмкін екенін мен білген жоқпын. Көрсетілген қызметке «КУСА Халық» компаниясы толықтай қанағаттанып, қабылдау актісіне қол қойып, барлық соманы төледі. Қызмет талапқа сай орындалды. Құжаттарда белгілі бір олқылықтар болғанын жоққа шығармаймын, бірақ олардың хостел мен адамдардың өліміне еш қатысы жоқ. Мұны мамандар да, маған ешқандай шағымы жоқ жәбірленуші тарап та растады. Процеске қатысқандардың бәрі менің бұл іске қатысым жоқ екенін көрді. Әділ шешім шығады деп үміттенемін, - деді Александр Пекельник.
Бұған дейінгі отырыста прокурор Әділбек Мұхамедьяровты 5 жылға, ал Александр Пекельникті 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
Еске салайық, 2023 жылдың 30 қарашасында Әди Шәріпов, 86 мекенжайы бойынша «Almaty Hostel» хостелі өртенді.
Төтенше жағдай департаментіне өрт туралы хабарлама 05:33-те түскен. Өрт салдарынан хостелде 13 адам қайтыс болды. Мерт болған 13 адамның төртеуі — шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы — Қазақстан Республикасының азаматтары.
Кейінірек өртенген хостелдің иелері белгілі болды. Хостел ғимараты Halyk Bank-ке тиесілі. Оны жалға алған — «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт 2023 жылы 21 қыркүйекте жасалған.
2023 жылдың желтоқсан айында хостелдің басшысы ұсталды.