Иорданияда 4,7 балдық жер сілкінісі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Иорданияның оңтүстігіндегі Акаба шығанағында сейсмикалық белсенділік тіркелді, дүмпу көршілес аумақтарда да сезілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: unsplash.com/snowscat

11 қараша, сәрсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12:24-те Акаба шығанағында магнитудасы 4,7 балдық жер сілкінісі болды. Иордания сейсмологиялық обсерваториясының мәліметі бойынша, жер сілкінісінің эпицентрі Акаба қаласынан шамамен 38 шақырым оңтүстікте, су түбінде, 10 шақырым тереңдікте орналасқан. Бұл туралы Al Mamlaka TV хабарлады.

Жер сілкінісі Акаба тұрғындарына сезілді. Иорданияда әзірге құрбандар мен қираулар туралы ақпарат жоқ.

Дүмпудің күші көрші Израильдің Эйлат пен Арава аймағында да сезілді. Израильдің Геологиялық қызметінің мәліметі бойынша, жер сілкінісінің магнитудасы 4,5 бал, ал эпицентрі Мысырдың Таба қаласының маңында 8 шақырым тереңдікте орналасқан. 

The Times of Israel басылымының хабарлауынша, жер сілкінісінен кейін Эйлат пен оның айналасындағы аудандарда дабыл жүйесі іске қосылды. Израильдің ішкі істер министрлігі тұрғындарды ғимараттарды босатып, сыртқа шығуға шақырды.

Эйлат маңындағы Рамон әуежайындағы рейстер уақытша тоқтатылды, ал қызметкерлер мен жолаушылар эвакуацияланды. Инфрақұрылымға тексеріс жүргізіліп, содан кейін ғана әуежай қалыпты жұмысын жалғастырды.

Израиль билігі зардап шеккендер мен келтірілген залал туралы хабарлар келіп түспегенін мәлімдеді. Тексеру аяқталғаннан кейін тұрғындарға ғимараттарға қайта кіруге рұқсат етілді.

Ақаба шығанағы Таяу Шығыстың бірнеше елі арқылы өтетін, белсенді Өлі теңіз тектоникалық жарығында орналасқан.

Аймақта оқтын-оқтын қуаты әртүрлі жер сілкіністері болып тұрады.

Бұған дейін 5,7 балдық жер сілкінісі Жапония жағалауында тіркелген.

Сондай-ақ Ресей Камчаткасында 4,8 балдық жер сілкінісі тіркелді.