Ипотеканың бастапқы жарнасы 10 пайызға дейін төмендетіле ме

АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылы бастапқы жарнасы 10 пайыздан басталатын ипотекалық несие берудің жаңа тетіктері таныстырылуы мүмкін.

Коллаж: Kazinform

Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір бұл бағытта «Отбасы банкпен» бірлесіп, тиісті қаржылық модель әзірленіп жатыр.

– Қазір біз бастапқы жарнаны төмендетуді көздейтін тетіктерді пысықтап жатырмыз. Қаржылық модельді «Отбасы банкпен» бірлесіп әзірлеудеміз. Шамамен 2027 жылы осы жаңа тетіктерді жариялаймыз, – деді Бақытжан Жүнісбеков Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте.

Сондай-ақ, ол енгізілуі мүмкін өзгерістердің бірі ипотека бойынша бастапқы жарнаны 10 пайызға дейін төмендету екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін «Отбасы» банк баспана бағасы мен халық табысы арасындағы алшақтықты азайту көзделіп отырғанын мәлімдеген еді.