Ирак үкіметі мен шииттік «Катаиб Хезболла» қарулы тобы Бағдаттан шамамен 50 шақырым оңтүстікте орналасқан Бабил провинциясының Джурф әл-Сахр ауданына федералды қауіпсіздік күштерін орналастыру туралы келісімге келді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, екі тарап арасындағы шиеленіс күшейген тұста бұл келісімге ықпалды шиит саясаткерлері араағайын болған.
Келісімге сәйкес, «Катаиб Хезболла» бөлімшелері аумақты бақылауды федералды қауіпсіздік күштеріне беріп, елдің басқа аймақтарына қайта орналасады.
INA хабарлауынша, Ирак күштері жұма күні таңертең Джурф әл-Сахрға (ауызша Джурф әс-Наср деп те аталады) орналастырыла бастады.
Ауданда армия, федералды полиция, Халықтық мобилизация күштері және энергетикалық инфрақұрылымды қорғау бөлімшелерінің өкілдерінен тұратын бірлескен қолбасшылық штабы құрылды.
Қақтығыс «Катаиб Хезболлаға» заңсыз мұнай саудасын ұйымдастырды деген айыптаулардан туындады. Ирак билігінің мәліметінше, жүздеген миллион долларлық мемлекеттік мұнай осы топ бақылайтын аумақ арқылы басқа жаққа аударылған.
Бұған дейін Ирак премьер-министрі Әли әз-Зәиди аймаққа үкіметтің бақылауын қалпына келтіру үшін әскери операцияға дайындық жүргізуді бұйырған.
Тергеу нәтижесінде қауіпсіздік және мұнай министрліктеріндегі тоғыз жоғары лауазымды шенеунік қызметінен босатылды.
Сонымен қатар, «Катаиб Хезболла» мұнай контрабандасымен байланысты деген айыптауларды жоққа шығарып, бастапқыда өз бөлімшелерін шығарудан бас тартқан.
Қарулы қақтығыстардың алдын алу үшін Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының «әл-Құдс» күштерінің қолбасшысы Исмаил Каани Бағдадқа келді. Ол топтың басшылығымен және ықпалды ирактық саясаткерлермен кеңес өткізді. Келіссөздерден кейін тараптар оң нәтижелер туралы хабарлады.
«Катаиб Хезболла» Ирактағы ең ықпалды ираншыл қарулы топтардың бірі. Оның бөлімшелері ресми түрде премьер-министрге бағынатын, мемлекет қаржыландыратын әскерилендірілген топ болып табылатын Халықтық мобилизация күштерінің құрамына кіреді.
Сонымен қатар, топ айтарлықтай автономияны сақтайды және орталық үкіметтің шешімдерімен бірнеше рет қақтығысқан.
БАҚ хабарламаларына сәйкес, Джурф әс-Сахрдың айналасындағы жағдай Ирак үкіметінің мемлекеттік қауіпсіздік күштерінің құрамына кірсе де, Иранмен тығыз байланыста болатын қарулы топтарға бақылау орнату мүмкіндігін зор сынақтан өткізіп отыр.
Еске сала кетейік, өткен айдың басында АҚШ Ирактағы ДАИШ-ке қарсы миссиясын аяқтағаны хабарланған.
Kazinform АҚШ әскері кеткеннен кейінгі Ирактағы жағдайға сараптама жасаған еді.
Бейрутте Ирак парламентінің бұрынғы депутатының мәйіті табылды.