Ақтөбенің Ырғыз ауданында эвакуациялық пункттер саны қысқарып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында күні бүгінге дейін 4 эвакуациялық пункт болды. Аудан орталығындағы мектептер мен интернатта Нұра, Белшер, Мамыр және Құйлыс ауылдарының тұрғындары тұрып жатыр. Бүгінде оның екеуін қысқартып, оқу процесін жалғастыру көзделген. Kazinform тілшісі ондағы жұмыстың қалай ұйымдастырылғанын көріп келді.

Фото: Алтынай Сағындықова

Ырғыз ауданы бойынша эвакуацияланған тұрғындар 4 ғимаратта жатыр. Олар: №1 және №2 орта мектептер, Ы.Алтынсарин атындағы мектеп пен Ырғыз гимнациясы. Ырғыз әкімдігі екі мектепті қысқартып, оқу процесін бірқалыпқа түсіруге шешім қабылданған.

Фото: Алтынай Сағындықова

- Ы.Алтынсарин мектебіндегі тұрғындарды №1 орта мектепке, №2 орта мектептегі адамдарды Ырғыз гимнациясына көшіреміз. Барлығы 600-ден астам адам қалды,- деді Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Асқар Уәли.

Фото: Алтынай Сағындықова

Ырғыз ауданында ең бірінші №1 орта мектеп эвакуциялық пункт ретінде таңдалды. Мұндағы ұжымды екі сағат бұрын ғана ескертіп, шұғыл тазарту, әзірлеуге тапсырма берілген. Күн сайын адам саны көбейіп, 200-ден асып кетсе, қазір қарбалас сәл саябысыды. Мұнда барлығы 88 адам болса, оның 36-ы бала. 

Фото: Алтынай Сағындықова

- Ең бірінші күні ұжым толық жұмысқа келді. Бізге мектепті әзірлеуге 2 сағат уақыт берді. Жуып, тазартып қойдық, кейін жаюды, төсек-орынды әкелді. Асханаға екі адам бекітілді. Мектеп психологі де жұмыс істеді. Төтенше жағдай кезінде үйлері суға кеткен адамдардың кейбірі жылай бастады. Оларды жұбату керек болды. Біз баламен, ата-аналармен жұмыс істеген соң қиын болмады. Қазір қолымыздан келгенше бүкіл қызметті жасап жатырмыз,- деді №1 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлфара Әкімәліқызы.

Фото: Алтынай Сағындықова

Оның айтуынша, қазір де мұғалімдер кезекшілікте. Тек сабақтан бос уақытта жәрдем береді. Сонымен бірге ер адамдар түнгі күзетшілікке қойылды. 

- Медпункт екі мезгіл жұмыс істейді. Ең бірінші күні 4 адамды ауруханаға алып кетті. Өйткені олардың қан қысымы көтерілді. Тұрғындар емделіп, эвакуациялық пунктке келді, - деді Гүлфара Әкімәліқызы.

Ал Ырғыз гимназиясында 140 адам жатыр. Бұған дейін 300-ден астам адам болып, көбі пәтер жалдап, тума-туысының үйіне кетті.

- Мен эвакуациялық пунктке 16-17 сәуір күндері келдім. Құйлыс ауылынан тікұшақпен көшірді. Оның алдында ауыл әкімі көшуге дайын болу керек екенін айтты. Жинақталып отыру қажет деді. Отбасымызда 7 бала бар. Оның төртеуі мектепте оқиды, ең кішкентайы 6 айлық. Балаларымызбен бірге мектептің бір бөлмесіндеміз. Бізден өзге тағы 3 отбасы бар. Барлығымыз 24 адам болып жатырмыз. Мен балаларыммен эвакуациялық пунктке келгенде жолдасым сол жақта қалды, - Құйлыс ауылының тұрғыны Алмагүл Пірманова. 

Мектепте жатқан отбасы балалары сабақты екінші қабатта оқиды. Оларға өз мектебінің мұғалімдері сабақ береді. Оқу құралдарының бәрі – электронды.

- Мен Құйлыс ауылынан тікұшақтың екінші рейсімен келдім. Содан эвакуациялық пунктке қабылдады. Алғашқы күні жалғыз жаттым, қазір келінім бар төрт немереммен. Өзімнің қан қысымым жоғары болған соң осында отырмын. Дәрігерлерге де қаралып аламын. Барлығы 16 жан бар осы бөлмеді. Үйден ештеңе де алып шықпадық. Бір сөмкеге киім мен құжаттарымыз салынды. Өзім сол жақта қалғым келген, бірақ көнбеді адамдар, - деді Сарагүл Алдабаева. 

Еске салсақ, Ырғыз ауданында 8 сәуір күні төтенше жағдай жарияланды. Қазір мұнда үш ауылда үйлерді су басты.

Нұра ауылын көшіру үшін жер таңдалып жатыр