Испанияда биіктігі 12 метрлік толқын тудыратын алапат дауыл күтіліп отыр

Фото: BILD

АСТАНА. KAZINFORM — Испанияның туристер көп баратын Майорка аралында қысқы маусымның ең күшті дауылы күтіліп отыр: шығыс жағалауында толқын биіктігі 10–12 метрге жетуі мүмкін, ал желдің жылдамдығы сағатына 90 км-ге жетеді, деп хабарлайды BILD.

Метеорологтардың мәліметінше, желдің күші 12 балдық шкала бойынша 8–9 баллды құрайды, бұл дауыл деңгейіне сәйкес келеді. Осылайша аталған аумақта ең жоғары қауіп деңгейі жарияланды.

Қысқы мезгілде туристер Балеар аралдарына орталық Еуропадағы суық және ылғалды ауа райынан қашып келеді, алайда қазір оларға күшті дауыл қауіп төндіруі мүмкін. AEMET метеоқызметі жергілікті билікке жағалауда серуендеуге тыйым салуды ұсынып отыр.

— Назар аударыңыздар және ауа райы болжамын үнемі тексеріңіздер. Қауіпті аймақтарда немесе ашық жерлерде жарақаттар мен мүліктік шығындары болуы мүмкін, — деп ескертті синоптиктер.

Десе де аралдағы ауа райы алдағы демалыс күндері жақсарады деген болжам бар. Күн көзі ашылып, өткінші жаңбыр жауып, ауа температурасы 14°C–тан 19°C дейін көтерілмек.

Еске сала кетейік, бұған дейін Испанияға көршілес Португалияда «Клаудия» дауылы басылмай тұрғанын жаздық. 

Ал қазан айының соңында Кариб жағалауында болған «Мелисса» дауылы салдарынан 49 адам қаза тапты.