Италиядағы наразылық акцияларында 400 адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — 24 қазанда Италияда қымбатшылыққа және Джорджо Мелони үкіметінің саясатына қарсы жаңа наразылық толқыны болды, деп хабарлайды Kazinform DW-ге сілтеме жасап.

Фото: Reuters

Тәртіпсіздіктер кезінде полиция тоғыз адамды қамауға алды, тағы 371 алдын ала ұсталған, соның 110-ы кәмелетке толмаған.

17 және 18 қазанда наразылық акцияларынан кейін туындаған тәртіпсіздіктерден кейін Италия билігі Миланға 500 элиталық әскери қызметшіні жіберді. Үкімет сонымен қатар кәмелетке толмағандарды ұстау және бөтеннің мүлкіне зиян келтірген бозбаланың ата-анасына айыппұл салу тәртібін жеңілдетті. Шеруді тиісті органдар дрондар мен тікұшақтар көмегімен бақылап отырды, теміржол станцияларында патруль күшейтілді. Билік сонымен қатар тәртіпсіздіктерге үндеудің жаңа түрлерін анықтау үшін интернетті жіті қадағалап отыр.

dpa ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Миландағы наразылықтар кешке дейін негізінен бейбіт сипатта өтіп, ымырт жабыла қала орталығында құқық қорғау органдарымен қақтығыстар болған. Полиция наразылардың бір тобын таяқпен ұрып тоқтатқан. Тәртіпсіздіктің одан әрі жалғасуынан қорқып, бренд тауарлар сатушылар өз дүкендерінің алдында тосқауыл қойып қорғап жүр.

Болоньяда полиция наразылық білдірушілер колоннасын теміржол вокзалына жақындатпау үшін көзден жас ағызатын газ бен су шашатын зеңбіректерді қолданды. Туринде полиция наразыларды қалқанмен ығыстырып тастаған.

Римде негізінен Палестинаны қолдаушылар көшеге шықты. Олар қаланың тарихи орталығынан шерулетіп өтті. Олар, dpa ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Колизейге де бір кіріп шыққан. Неаполь мен Флоренцияда да наразылық акциялары өтті.

Бұрын Италия тәртіпсіздіктер мен дүкендердің жабылуына байланысты Миланға әскер жіберуді қарастырып жатқанын хабарланғанбыз.

Италия жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар мен тонаушыларға жазаны күшейтпек.