Израиль Бен-Гурион әуежайындағы ұшақтарын эвакуациялай бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Израильдің ұлттық әуе тасымалдаушысы El Al Тель-Авивтегі Бен-Гурион халықаралық әуежайынан өз ұшақтарын эвакуациялай бастады. Бұл туралы Анадолы агенттігіне Израиль әуежайлар басқармасының өкілі Лиза Дрир хабарлады.

Фото: Анадолы

Бұл шешім Израильдің Иранға жасаған шабуылына қарымта қайтаруына байланысты қабылданған.

Дрирдің айтуынша, ұшақтар шетелге эвакуацияланған, бірақ нақты қай елге жіберілгені көрсетілмеген.

Бұған дейін Израиль армиясы Иранға қарсы ауқымды шабуыл жасағанын мәлімдеген болатын. Израиль Қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) баспасөз қызметінің дерегі бойынша, бұл операцияға Израиль ӘӘК-нің 200 ұшағы қатысқан. Жауап ретінде Иран Израильге қарай 100 дрон жіберген.

13 маусым күні таңертең Израиль армиясы Иран астанасы Тегеранға, сондай-ақ Тебриз, Лурестан және Керманшах қалаларына, сонымен қатар Исфахандағы Натанз ядролық нысанына соққы жасаған.

Шабуыл кесірінен Иран Қарулы күштерінің Бас штабының бастығы генерал-майор Мохаммад Багери, Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) қолбасшысы генерал-майор Хоссейн Салами, сондай-ақ 6 ядролық ғалым қаза тапқаны айтылды.

Хабарламаға сәйкес, Тегеранға жасалған шабуыл кезінде бейбіт тұрғындар арасында да көптеген құрбандар бар.

Еске сала кетейік, Израиль Иранға соққы беріп, әуе кеңістігін жауып тастады.

Осы жағдайға байланысты Тель-Авивтегі ҚР елшілігі Израильдегі Қазақстан азаматтарына үндеу жасады.

Air Astana тобы Иран мен Ирак әуе кеңістігінің жабылуына байланысты кейбір Air Astana және FlyArystan тұрақты және чартерлік рейстерінің бағытындағы өзгерістер туралы жолаушыларды хабардар етті.

Израильдің Иранға жасаған соққысынан кейін мұнай бағасы күрт көтерілді.

Бүгін Иран Израильге жауап ретінде 100-ден астам дрон жіберді.