Израильде парламенттің спикері сайланды, бірақ үкімет әлі жасақталған жоқ

АСТАНА. KAZINFORM — Израильде билік үшін саяси күрес жүріп жатыр, парламент сайлауынан кейін қазіргі премьер-министр Кнессеттегі басымдығынан айырылды, алайда оның қарсыластары әлі жаңа үкімет жасақтай алмай отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Фото: x.com / @KnessetENG

17 қараша, сейсенбі күні Израиль парламенті Нетаньяхудың негізгі саяси қарсыласы Гади Айзенкот басқаратын центристік «Яшар» партиясының өкілі Матан Кахананы Кнессеттің жаңа спикері етіп сайлады.

The Times of Israel газетінің хабарлауынша, оның кандидатурасын 66 депутат қолдап, 52 депутат қарсы дауыс берді.

Кахана билеуші «Ликуд» партиясының өкілі Амир Охананың орнына келді. Оның сайлануы оппозиция үшін 27 қазанда өткен парламенттік сайлаудан бергі алғашқы маңызды жетістік болып отыр.

Кнессет спикері лауазымының саяси маңызы зор, себебі спикер заң шығару күн тәртібіне айтарлықтай әсер етеді және Кнессетке қандай заң жобалары ұсынылатынын анықтайды.

Оппозиция өкілінің сайлануы бұрынғы Нетаньяху үкіметінің бірнеше бастамаларын қайта қарау мүмкіндігін ашады.

Атап айтқанда, Айзенкоттың жақтастары сот жүйесіне саяси ықпалды арттырған сот реформасының кейбір ережелерін жоюды, сондай-ақ 2023 жылдың 7 қазанында Израильге ХАМАС шабуылын тәуелсіз тергеу комиссиясын құруды көздеп отыр.

Талқыланып жатқан бастамалардың бірі премьер-министрдің өкілеттік мерзімін шектеуге қатысты болуы да мүмкін.

Сонымен қатар «Ликуд» партиясы дауыс беру нәтижелерін сын астына алып, саяси қарсыластарын араб партияларының қолдауына сүйенді деп айыптады. Айзенкот блогына Кнессеттің жаңа спикерін сайлау үшін қажетті көпшілік дауысты алуға араб депутаттарының дауысы мүмкіндік берген болатын. 

27 қазандағы Кнессет сайлауында оңшыл және діншіл партиялармен одақ құрған Нетаньяху блогы Кнессеттегі 120 орынның 53-ін иеленіп, парламенттегі басымдығынан айырылған.

Оның негізгі саяси қарсыластары, Айзенкот блогы және оның жақтастары 48 орынға ие. Бірақ 19 орынды иеленген араб партияларының қолдауымен олар жеке мәселелер бойынша басымдыққа ие бола алады.

Израиль президенті Ицхак Герцог бұған дейін Айзенкотқа жаңа үкімет құруды тапсырған болатын. Дегенмен, одақ құрмақ болғандар бірқатар саяси мәселелер бойынша келіспеушілікке тап болғандықтан, билеуші коалиция құру туралы келіссөздер аяқталмай келеді.

Жаңа үкімет жасақталмайынша, Нетаньяху премьер-министр міндетін атқара береді. Егер саяси партиялар билеуші коалиция құра алмаса, Израильде 2027 жылы жаңа сайлау өткізілуі мүмкін.

Бұған дейін Израиль оппозициясы Нетаньяхумен бірлескен үкімет құрудан бас тартқанын хабарлаған едік. 

Елдің жаңа үкіметін жасақтауға кіріскен «Яшар» партиясының жетекшісі Гади Айзенкот Биньямин Нетаньяхудың ұлттық бірлік коалициясын құру туралы ұсынысын медиа-маневр деп атады.