Израильдің әрекеті әлемді алаңдатты, алайда НАТО бейқам

Фото: REUTERS/Yves Herman

АСТАНА. KAZINFORM — НАТО Израильдің Иранға жасаған соққысынан кейін әлем ядролық соғысқа таяп қалды деп санамайды. Бұл туралы НАТО Бас хатшысы Марк Рютте Стокгольмде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді. Ол бұл қалаға Бильдерберг клубының кездесуі аясында келген болатын, деп жазды ТАСС.

— Жоқ, жоқ, біз ондай жағдайда емеспіз. НАТО-ға мүше барлық елдер деэскалация үшін жұмыс істеп жатыр. Бұл — Израиль тарапынан жасалған біржақты әрекет. НАТО одақтастары, әсіресе АҚШ, жағдайды бәсеңдетуге көмектесуі керек — мен олардың бұл бағытта жұмыс істеп жатқанын білемін, — деді Рютте Израильдің Иранға жасаған соққысынан кейін ядролық соғыс қаупі артты ма деген сұраққа жауап бере отырып.

Сондай-ақ, Рютте бұл жағдайдың өте жылдам дамып жатқанын және алдағы 24–48 сағат ішінде не болатынын болжау қиын екенін мойындады.

Еске сала кетейік, Израиль Иранға соққы беріп, әуе кеңістігін жауып тастады.

Осы жағдайға байланысты Тель-Авивтегі ҚР елшілігі Израильдегі Қазақстан азаматтарына үндеу жасады.

Air Astana тобы Иран мен Ирак әуе кеңістігінің жабылуына байланысты кейбір Air Astana және FlyArystan тұрақты және чартерлік рейстерінің бағытындағы өзгерістер туралы жолаушыларды хабардар етті.

Израильдің Иранға жасаған соққысынан кейін мұнай бағасы күрт көтерілді.

Бүгін Иран Израильге жауап ретінде 100-ден астам дрон жіберді.

Ал АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рубио Израильдің Иранға жасаған соққыларына АҚШ-тың еш қатысы жоқ екенін айтты.