Дебат қатысушылары «Қазмедиа орталығына» жинала бастады. Оларды партияластары қолдап, сәттілік тілеп, пікірталаста өз партияларының ұстанымын лайықты жеткізуге жігер беруге тырысып жатыр.
Бұл теледебат Құрылтайдың алғашқы сайлауына қатысушы саяси партиялар арасындағы пікірталас алаңдарының бірі болмақ. Тақырып: «Заң мен тәртіп — Әділетті Қазақстанның негізі».
Эфир барысында тараптар өзекті мәселелер бойынша пікір білдіріп, сайлаушыларға өздерінің саяси ұстанымдарын таныстырады.
Бүгінгі теледебаттың басты ерекшелігі — пікірталас командалық форматта өтеді, яғни әр саяси партиядан пікірталас алаңына бір емес, екі спикерден шығады.
11 тамызда Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінде жеребе тарту рәсімі ұйымдастырылып, саяси партиялар өкілдерінің бүгінгі теледебатта сөз сөйлеу реті белгілі болған еді.
1. «Ақ жол» партиясы — Бек-Мұхамед Жәукебаев, Ермек Әбілдин;
2. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы — Лариса Ли, Нұрайнаш Камалова;
3. «Әділет» партиясы — Айжан Аймағанова, Мәди Мырзағараев;
4. Қазақстанның Халық партиясы — Жандос Бидайбеков, Ирина Смирнова;
5. «Ауыл» партиясы — Жазира Сұлтанқұлова, Ерболат Саурықов;
6. «Байтақ» партиясы — Амалбек Өміртай, Алмат Тұртаев;
7. Respublica партиясы — Олжас Құспеков, Динара Шүкіжанова.
Дебатқа қатысатындар өздерінің партиясы неліктен қолдауға лайық екеніне сайлаушыларды сендіруі тиіс.
Көрермен партиялар өкілдерінің уәждерін тыңдап, пікірталасына куә болады.
Бұл тұрғыда барлық қатысушыға тең мүмкіндік беріледі. Регламенттің сақталуы да қатаң бақыланады.
Айта кетейік, теледебатты сағат 20:00–де Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінен, сондай-ақ телеарнаның ресми YouTube арнасынан көруге болады.
Эфир барысында дебатқа қатысушыларға WhatsApp арқылы сауал жолдап, QR-код арқылы баға беру мүмкіндігі болады.
Еске салсақ, биыл 1 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды. Сайлау 23 тамызда өтеді.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына қатысатын 7 саяси партияның барлығының партиялық тізімдерін тіркеді. 145 депутаттық мандатқа 545 кандидат үміткер болып отыр.