Әлеуметтік желілерде 30 қазан күні Хэллоуин мерекесін тойлап, түрлі костюм киген жастардың видеосы тарады. Желі қолданушылардың сөзінше, артынан олардың бәрін полицейлер ұстап әкетті.
Алматы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Алмалы ауданының полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізді.
— Полиция мерекелік іс-шараларға, бұқаралық демалыс пен қала тұрғындарының бос уақытын өткізуіне кедергі келтірмейді. Ішкі істер органдарының басты міндеті — қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен ықтимал оқиғалардың алдын алу, — деп түсіндірді ПД.
Рейдтік іс-шаралар барысында «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағында түнгі уақытта ата-анасыз жүрген 28 жасөспірім анықталды. Олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік материалдар жинақталды.
Полиция кәмелетке толмағандарға сағат 23:00–ден 06:00–ге дейін заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүруге тыйым салынатынын еске салды.
Сондай-ақ мереке қарсаңында көліктерді безендіріп, түрлі қан іздері, жүксалғыштан салбырап тұрған адам денесінің бөліктерін салған адамдарға ескерту жасалды. Полицияның сөзінше, біреулер үшін қызық көрінетін бұл әрекет өзгелердің алаңдаушылығын тудыруы мүмкін.
Сонымен қатар көлікпен тасымалданатын заттар жүргізушінің көру мүмкіндігін шектемеуі, көлікті басқаруға кедергі келтірмеуі, мемлекеттік нөмірлер мен жарық құралдарын жаппауы және айналадағыларға қауіп төндірмеуі тиіс.
Декорациялардың сипаты мен анықталған құқық бұзушылықтарға қарай жүргізушіге, соның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік жүктелуі мүмкін.
Полиция жүргізушілерді қоғамдық жолдарды күмәнді тәжірибелер алаңына айналдырмауға шақырды.
Еске салайық, Алматы полициясы жол ережесін бұзумен танылған блогер Назар Ролланға неге іздеу жариялағанын түсіндірді.