Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 160 қару әлі де заңсыз айналымда — ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жыл басынан бері заңсыз айналымнан екі мыңнан астам қару тәркіленді. Оның ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 160 қару бар. Сонымен қатар полиция тоғыз айда браконьерлікке қатысты 119 қылмыстық істі сотқа жолдап, заңсыз айналымнан 23 тоннадан астам балық пен 361 киік мүйізін тәркіледі. Бұл туралы ІІМ мәлім етті.

Фото: ІІМ

Ішкі істер министрлігі браконьерлікпен және табиғи ресурстарды заңсыз иемденумен күресті жалғастырып жатыр.

2026 жылдың тоғыз айында полиция қызметкерлері табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға қатысты 119 қылмыстық істі сотқа жолдады.

Осы кезеңде заңсыз айналымнан:

  • 23 тоннадан астам балық, оның ішінде 1,5 тонна бекіре тұқымдас балық;

  • 11 келіге жуық уылдырық;

  • 361 киік мүйізі;

  • 29 шақырымға жуық тыйым салынған балық аулау торы;

  • 345 аңшылық қару тәркіленді.

Табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 13 200 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы ауылдарының бірінде полиция қызметкерлері тиісті құжаттары жоқ, бір тоннаға жуық балық тиеген «Газель» автокөлігін тоқтатты.

Көліктің жүксалғышынан екі қайық пен қайық моторлары табылды. Қазір балықтың қайдан алынғаны және оны аулаудың заңдылығы анықталып жатыр.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданындағы ауылдардың бірінің маңында полиция қызметкерлері қорықшымен бірлесіп, заңсыз аң аулау дерегін анықтады.

Автокөлікті тексеру барысында сібір елігінің екі ұшасы мен екі аңшылық қару табылды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Полиция қызметкерлері браконьерлерді ғана емес, заңсыз алынған табиғи ресурстарды тасымалдаумен, сақтаумен және сатумен айналысатын адамдарды да анықтап жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда травматикалық қару алып жүрген 52 жастағы тұрғын ұсталған болатын.