Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Теміртау, Саран қалаларында, Бұқар жырау, Қарқаралы және Нұра аудандарында жылу беріле басталған.
— Жылу беру кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Осы уақытта облыстың бес өңіріде жылу берілді, қалған аумақтарда бұл жұмыс 1-10 қазан аралығында жүреді. Приозерск қаласында, сондай-ақ Ақтоғай ауданындағы Шашубай және Сарышаған кенттерінде жылу беру маусымын 10 қазаннан бастау жоспарланып отыр, - деп хабарлады басқармада.
Жалпы өңірде 6105 көппәтерлі тұрғын үй және 1116 әлеуметтік нысан бар. Қазіргі уақытта тұрғын үйлердің 27,2%-ы және әлеуметтік нысандардың 67,7%-ы жылумен қамтылды.
Сонымен қатар энергия көздеріндегі жабдықтарды жөндеу жұмыстары да жүріп жатыр. Биыл жөнделуі тиіс 37 қазандықтың 29-ында, 27 турбинаның 20-сында жұмыс аяқталған. Қазір алты қазандық пен үш турбина жөнделіп жатыр.
Қысқа дайындық аясындағы тағы бір маңызды мәселе — көмір қоры. Бүгінгі таңда 622,3 мың тонна көмір, яғни жалпы қажеттіліктің 58,3%-ы дайындалды. Оның 385,3 мың тоннасы халыққа арналған, бұл қажетті көлемнің 47,9 пайызы.
Жылу беру маусымына өңірдің көмірге деген жалпы қажеттілігі 1 млн 66,9 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге 237 мың тонна көмір дайындалған. Бұл қажетті көлемнің 90,1%-ына тең.
Басқарма мәліметінше, барлық станция көмір жеткізуге келісімшарт жасасқан. Күзгі-қысқы кезеңде өңірге 6,7 млн тоннадан астам отын жеткізу жоспарланып отыр.
Облыстың қалалары мен аудандарында жылу беру жұмыстары әлі жүріп жатыр.
Бұған дейін Қарағанды облысында көмір сататын 47 орын анықталғаны хабарланған болатын.