Қарағанды тек көмір мен металлургияға сүйенбейді: өңірде 7 трлн теңгенің жобалары жүзеге асырылмақ

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Көмір өндіру, металлургия мен машина жасау жылдар бойы өңір экономикасының өзегіне айналды. Бүгінде дәстүрлі өндіріс салаларымен қатар жаңа кәсіпорындар ашылып, агроөнеркәсіп пен логистика бағытындағы жобаларға да басымдық беріліп келеді. Ал облыстың алға қойып отырған басты міндеттердің бірі — шикізат өндірумен шектелмей, оны терең өңдеп, дайын өнім шығаруға көшу.

Фото: Солтан Жексенбеков\Kazinform

Қарағанды облысы — Қазақстанның ірі өнеркәсіптік өңірлерінің бірі. Аумағы шамамен 239 мың шаршы шақырымды алып жатқан аймақта 1,13 миллион адам тұрады. Облыс құрамында сегіз қала, жеті аудан және 342 ауылдық елді мекен бар.

Өңір көмір өндіру мен қара металлургия өнімдерін шығару бойынша республикада бірінші орында тұр. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі жөнінен екінші орынға ие. Ірі металлургия және машина жасау кәсіпорындары шоғырланған аймақ экономикасының негізгі тірегі де — өнеркәсіп.

Фото: Солтан Жексенбеков\Kazinform

Шикізат өңдеудің жаңа кезеңі

Биылғы жылдың тоғыз айында облыста өнеркәсіп өндірісі 4,9%-ға, жалпы экономика 2,9%-ға өсті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,2 трлн теңгеден асты. Оның 70%-дан астамы өңдеу өнеркәсібінің үлесінде. Бұл сектордағы металлургияның үлесі 61,8%-ды құраса, машина жасау саласындағы өсім 26,2%-ға жетті.

Соңғы жылдары өңірде бір-бірімен сабақтас өндірістерді дамытуға ден қойылып отыр. Мұның мақсаты — жергілікті шикізатты өзге өңірлерге жөнелтумен шектелмей, оны облыстың өзінде өңдеп, дайын өнімге айналдыру. Мәселен, Qarmet болатынан QazTehna автобустарының шанақ бөлшектері жасалады. Ал «ТЭМПО» зауытында құбыр өндіріледі.

Фото: Qarmet

Silumin of Qazaqstan кәсіпорнының базасында алюминий кластері қалыптасып келеді. Мұнда шикізатты терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаратын өндіріс дамып жатыр. Жылына 5,5 млн секция өндіруге қауқарлы батарея шығару желісі іске қосылды. Сондай-ақ KaragandaInsulation жылу оқшаулағыш материалдар зауыты жұмысын бастады.

Өңірдің ірі кәсіпорны Qarmet-те де өндірісті жаңғырту жұмыстары жалғасып отыр. Жоспар бойынша № 8 және № 9 кокс батареялары салынып, кәсіпорын газға көшеді. Сонымен қатар жаңа сортты прокаттау орнағының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Фото: Qarmet

Жаңа өндіріс орындары «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен Saran индустриялық аймағында да бой көтермек. Мұнда жүк көліктерін, тік жапсарлы құбырларды, оқшаулағыш материалдар мен клинкерлік тақталарды шығару, сондай-ақ мыс өндіру және байыту жобалары жүзеге асырылып жатыр.

Жыл соңына дейін облыста жалпы құны 328 млрд теңге болатын 46 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде шамамен 3,2 мың жұмыс орны ашылмақ. Ал 2032 жылға дейін жүзеге асыру көзделген 186 жобадан тұратын инвестициялық қоржынның жалпы құны 7 трлн теңгеге жуық. Бұл жобалар тағы 36 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Фото: олтан Жексенбеков\Kazinform

Ауыл шаруашылығында өңдеу ісіне басымдық беріліп отыр

Өнеркәсіптік әлеуетімен танылған Қарағанды облысы үшін ауыл шаруашылығы да маңызды экономикалық бағыт саналады. Биылғы тоғыз айда салада 381,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ет өндіру көлемі 3,9%-ға, сүт 5,5%-ға, жұмыртқа 3,9%-ға артты.

Ірі жобалардың бірі — «Евразия Инвест ЛТД» компаниясының астық өңдеу және сүт өндіруді біріктіретін толық циклді кешені. Жоба аясында 6 мың басқа арналған, жылына 40 мың тоннаға дейін сүт өндіретін тауарлы-сүт фермасын салу көзделген. Кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде облыстың сүтке деген ішкі сұранысын түгел өтеуге мүмкіндік туады деп жоспарланып отыр.

Жалпы агроөнеркәсіп кешенінде құны 52 млрд теңге болатын 40 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен бірге суармалы егіншілік алқаптарын кеңейту жұмыстары қолға алынған. Алдағы уақытта олардың көлемін 6,2 мың гектарға ұлғайтып, 52,7 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.

Фото: Солтан Жексенбеков\Kazinform

Көлік логистикасы мен кәсіпкерлік

Қарағанды облысының географиялық орналасуы көлік-логистика әлеуетін дамытуға да мүмкіндік береді. Қазір Қарағанды әуежайын Қытай мен Еуропаны байланыстыратын бағыттағы жүк тасымалының ірі торабына айналдыру мәселесі қарастырылып жатыр. Алдағы үш жылда өңделетін жүк көлемін 15 мың тоннадан 40 мың тоннаға дейін, ал 2030 жылға қарай 200 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген.

Биыл облыста 643 шақырым автомобиль жолы жөнделіп, қоғамдық көлік паркін жаңарту үшін 122 автобус сатып алынды.

Фото: Солтан Жексенбдеков\Kazinform

Өңір экономикасында шағын және орта бизнестің де өзіндік орны бар. Бұл салада 228 мыңнан астам адам еңбек етеді. Яғни облыстағы әрбір үшінші жұмыс істейтін тұрғын кәсіпкерлік секторында нәпақасын тауып жүр. Ішкі сауда айналымы 2,6 трлн теңгеден асып, осы көрсеткіш бойынша облыс республикада төртінші орынға шықты.

Өнеркәсіптен тыс өңір тіршілігі

Экономиканың даму қарқынын тек өндіріс көлемімен өлшеу жеткіліксіз. Тұрғын үй құрылысы, медициналық қызметтің қолжетімділігі, білім беру сапасы мен коммуналдық желілердің жағдайы да өңір тынысына тікелей әсер етеді.

Соңғы үш жылда облыста 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы кезеңде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 2,5 мыңға жуық пәтер табысталды.

Фото: Солтан Жексенбеков\Kazinform

Ауылдық жерлерде 92 медициналық нысан салынды. Телемедицина қызметі 117 ауылдық медициналық ұйымда енгізіліп, облыстың барлық ауыл халқын қамтып отыр. Алдағы жоспарлардың қатарында 200 төсектік перинаталдық орталық салу көзделген. Онкологиялық орталықтың операциялық-реанимациялық блогын салу және қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары аяқталуға жақын.

Білім беру саласында соңғы екі жылда 13 мектеп бой көтерді. Оның оны «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Тағы 29 оқу орны жаңғыртудан өтті, 217 білім беру нысаны жөнделді. Қазір үш мектеп пен Шығармашылық орталығының құрылысы жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, бес балабақша мен оңалту орталығының құрылысы басталған.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Спорт инфрақұрылымы да жаңарып келеді. Қарағандыда Freedom компаниясының негізгі серіктестігімен 3,5 мың орындық футбол академиясы салынып жатыр. Сонымен қатар УЕФА-ның төртінші санат талаптарына сай келетін, 15 мың көрерменге арналған стадион салу жоспарланған.

Мәдениет саласында жаңа Конгресс-холл салу және Қарағандыдағы алты нысанды жаңғырту көзделген. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс орталығында серуендеуге және велосипед тебуге арналған жолдары бар екі экопарк құрылып жатыр.

Фото: Солтан Жексенбеков\Kazinform

Тозған желілер мен энергетика мәселесі

Өңір үшін өзекті мәселелердің бірі — коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту. Қазір ұзындығы 570 шақырымнан асатын инженерлік желілерді жаңғыртуға бағытталған 98 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің 280 шақырым желісі салынып, қайта жаңғыртылды. Жыл соңына дейін су құбыры желілерінің тозу деңгейін 44%-ға, кәріз желілерінікін 70%-ға дейін төмендету жоспарланған.

Фото: Солтан Жексенбеков\Kazinform

Энергетика саласында да бірқатар жоба қолға алынған. Құны шамамен 60 млрд теңге болатын № 3 ЖЭО-ның жаңа энергия блогының құрылысы жалғасуда. Өңірде қуаты 50 МВт «Гиперборея» жел жобасы іске қосылды. Бұдан бөлек, қуаты 500 МВт жел электр станциясын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Елді мекендерді газдандыру жұмыстары да жалғаспақ. 2027 жылға қарай 58 мыңнан астам тұрғынды табиғи газға қосу жоспарланған.

Фото: Солтан Жексенбеков\Kazinform

Алдағы міндеттер

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының өсімі 4% болады деп күтіледі. Дегенмен өнеркәсіптік өңір үшін өсім қарқынымен қатар оның сапасы да маңызды. Шикізаттың қанша бөлігі жергілікті жерде өңделеді, жаңа кәсіпорындар нарықта қаншалықты орнығады, ашылған жұмыс орындары қаншалықты тұрақты болады — өңірдің алдағы дамуында осы мәселелердің маңызы зор.

Фото: Солтан Жексенбеков\Kazinform

Қарағанды облысының елдегі жетекші индустриялық орталықтардың бірі ретіндегі орнын сақтап қана қоймай, экономиканы дәстүрлі өндіріс салаларынан тыс бағыттарда да әртараптандыруы осы міндеттердің шешілуіне байланысты жүзеге аспақ.