Қарағандыда той кортежі шу шығарды: қауіпті маневр жасап, автотұрақта отшашу атқандар жауапқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қарағандыда қауіпті маневр жасап, автотұрақта отшашу атқан той кортежінің қатысушылары полиция тарапынан анықталып, жол ережесі мен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Фото: Kazinform\ЖИ

Әлеуметтік желілерде Қарағандыда үйлену тойы кортежіне қатысушылардың құқық бұзушылықтары түсірілген бейнежазбалар тарады. Кадрларда автокөлік жүргізушілері қауіпті маневрлер жасап, сауда орталығының автотұрағында отшашу атқан.

Полиция қызметкерлері барлық құқық бұзушыны анықтап, оларды жол ережесін және азаматтардың тыныштығын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартты.

—️ Полиция жол жүрісіне қатысушылардың барлығы жол жүрісі қағидалары мен қоғамдық тәртіпті сақтауға міндетті екенін еске салады. Қауіпті маневрлер жасау және азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекеттер заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғады, — деп ескертті полициядан.

Бұған дейін Түркістанда жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеп, қауіпті маневр жасағандар жазаланған еді.