Қарағандыда жылыту маусымы аяқталды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағандыда коммуналдық қызметтер жылыту маусымын ресми түрде аяқтап, қала біртіндеп көктемгі жұмыс тәртібіне өтіп жатыр. Шешім тұрақты жылыну мен ауа райының қалыпты жағдайына байланысты қабылданды.
Қалада тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу және ыстық су беру 24 сәуірден 25 сәуірге қараған түні толық тоқтатылады.
Коммуналдық қызметтердің мәліметінше, кейінгі күндері орташа тәуліктік ауа температурасы +10 градустан жоғары деңгейде тұрақты сақталып отыр. Бұл – жылумен жабдықтауды тоқтатуға қойылатын нормативтік талаптарға толық сәйкес келеді. Осындай жағдайда жылу беруді жалғастыру экономикалық әрі техникалық тұрғыдан тиімсіз деп танылды.
Бұған дейін қала тұрғындарына жылытуды мерзімінен бұрын өшіру мүмкіндігі ұсынылған болатын. Ол үшін «Теплотранзит» қызмет көрсетуші ұйымына жазбаша өтініш беру қажет еді. Мұндай тәсіл әрбір тұрғын үйдің нақты қажеттілігін ескере отырып, жылу беруді дербес реттеуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қарағанды жылыту маусымын өңірлік кесте шеңберінде аяқтады. Бұған дейін облыстың ірі қалаларында, соның ішінде Теміртауда, жылуды өшіру 20 сәуірден кейін жоспарланғаны хабарланған. Ал Балқашта маусым бұдан ертерек – 10 сәуірде аяқталды. Аудандарда мерзімдер климаттық ерекшеліктерге қарай әртүрлі: мысалы, Абай ауданында жылу 15 сәуірде тоқтатылса, Бұқар Жырау ауданында өтпелі кезең мамыр айының басына дейін жалғасуы мүмкін.
Бұған дейін Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында жылу қашан өшірілетінін жазған едік.