Қарағанды облысындағы шахтада орын алған жазатайым оқиғаның себептерін арнайы комиссия тексереді
Комиссияны Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаев басқарады. Комиссияның құрамына Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин, ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Арман Абылқасымов, Қарағанды облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Саяш Ахметов, Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қанат Абзалиев, Қарағанды облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтар және басқалар кірді.
2023 жылдың 17 тамызында сағат 10.05-те Қарағанды облысы Шахтинск қаласында, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасында Д6 көмір еңісін (горизонт – 170 м) қазу кезінде конвейер лентасы жанып, апатты жою жоспары енгізілді.
Шахтада барлығы 227 адам болды, 17 тамызда 222 жұмыскер жер бетіне шығарылды.
Құтқару операциясының қорытындысы бойынша 17-19 тамыз аралығында 5 адамның денесі табылды:
- Слюньков Виталий Владимирович 05.03.1965 жылы туған, 17.08.2023ж.;
- Бургун Виктор Сергеевич 12.09.1966 жылы туған, 18.08.2023ж.;
- Стешин Денис Геннадьевич 13.08.1978 жылы туған, 18.08.2023 ж.;
- Халиков Артур Ринатович, 1994 жылы туған, 19.08.2023 ж.;
- Старовойт Илья Александрович, 1996 жылы туған, 19.08.2023ж. табылды.
Ауруханада 11 адам емделуде.
Апаттық шахтадағы өрт салдарын толық жою бойынша жұмыстар жалғасуда.
Қаза тапқандардың отбасыларына тиісті көмек көрсету мәселелері бақылауға алынды.
Еске салсақ, Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында өрт 17 тамыз күні сағат 10:05-те тұтанды.
Апат кезінде жер астында 227 кенші болды. 222 адамды жер бетіне жедел көтеру мүмкін болды, сегізі зардап шекті.
Шахтаның астында қалып қойған бесінші кеншінің денесі табылды.
18 тамыздағы жағдай бойынша медицина мекемелерінде өрттен зардап шеккен 11 кенші ем қабылдап жатты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлім еткендей, «Қазақстан» шахтасындағы апат үшін жауапты тұлға 7 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.