Қарағандыда Шахтер күніне арналған салтанатты шаралар биыл өтпейді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «Қазақстан» шахтасындағы қайғылы оқиғаға байланысты Шахтер күніне арналған бүкіл мерекелік іс-шаралар биыл ұйымдастырылмайды. Бұл жайында облыс әкімдігінен хабарланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жалпы Қазақстанда Шахтер күні жыл сайын тамыздың соңғы жексенбісінде тойланады.

Еске сала кетейік, 17 тамыз күні Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында өрт тұтанды.

Апат кезінде жер астында 227 кенші болды. 222 адамды жер бетіне жедел көтеру мүмкін болды, сегізі зардап шекті.

Шахтаның астында қалып қойған бес кеншінің денесі табылды.

18 тамыздағы жағдай бойынша медицина мекемелерінде өрттен зардап шеккен 11 кенші ем қабылдап жатыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлім еткендей, «Қазақстан» шахтасындағы апат үшін жауапты тұлға 7 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.