Карлос Алькарас барлық «Үлкен дулыға» турнирін ұтқан ең жас теннисші атанды

Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM – Мельбурн қаласында теннистен Аустралия ашық чемпионаты мәресіне жетті.

Ерлер арасында финалда «Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін чемпионы, сербиялық Новак Джокович пен осындай алты жарыста үздік атанған испаниялық Карлос Алькарас бас жүлдені сарапқа салды.

Финал басталмай тұрып-ақ біріншілікте тарихи нәтиже тіркелді. Новак 38 жаста болса, Карлос 22-де еді. Олардың жас айырмашылығы 15 жас 349 күн еді. Мұндай жас айырмашылығымен бұрын соңғы бәсекеде теннисшілер ойнап көрмеген болатын.

Сонымен қатар Алькарас жеңіске жетсе, ол барлық төрт «Үлкен дулыға» турнирінде чемпион атанған ең жас теннисші атанатын еді. Ал Джокович ұтқан жағдайда ол 25 дүркін жеңімпаз болып, рекорд орнатушы еді. Теннис тарихында Н.Джокович «Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін жеңімпазы Маргарет Кортты әлдеқашан қуып жеткен.

Финалда Карлос Алькарас өзінің әлемнің 1-ракеткасы екендігін дәлелдеп, Н.Джоковичті 2:6, 6:2, 6:3, 7:5 есебімен тізе бүктірді. Осылайша, ол Аустралия чемпионатында алғаш рет топ жарды. Бұл – Алькарастың «Үлкен дулыға» додаларындағы жетінші титулы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанғанын жазған едік.

Мемлекет басшысы Елена Рыбакинаны жеңісімен құттықтады.

Елена Рыбакина Қазақстан халқына алғысын айтты.