Каспий теңізін зерттейтін институттың қашан құрылатыны белгісіз

Фото: Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 25 қаңтарда Үкімет «Каспий теңізінің қазақ ғылыми-зерттеу институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы қаулыны бекітті. Оған сәйкес ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің «Қазсушар» РМК балансындағы республикалық мүлік есебінен қамтамасыз етілуі тиіс. Жыл аяқталуға жақын, осы орайда институттың тағдыры туралы құзырлы органдардан сұраған едік.

Үкімет қаулысынан кейін Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеме жасады. 

Ақпаратта айтылғандай, ғылыми-зерттеу институты Каспий теңізінің экологиялық, су деңгейінің төмендеу проблемасын, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау мәселелерін, ихтиофаунаны, Каспий су айдыны мен жағалауын зерттейді. Сондай-ақ, Каспий аумағындағы шекаралас мемлекеттердегі әріптестерімен өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бұл Мемлекет басшысы жүктеген тапсырма екенін және мұндай ұйымдар Каспий маңындағы елдерде бар екенін айтты.

Дегенмен аталған ведомствоның баспасөз қызметі Каспий теңізін ғылыми-зерттеу институтын құру мәселесі Экология және табиғи ресурстар министрлігінің құзыретінде екенін жеткізді.

«Қазіргі уақытта коммерциялық емес акционерлік қоғам мүлкін Су ресурстары және ирригация министрлігінен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің балансына беру процесі жүріп жатыр. Коммерциялық емес акционерлік қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыру бойынша жұмыс әлі аяқталған жоқ. Үкімет қаулысы әзірленді, ол мүдделі мемлекеттік органдармен келісу рәсімінен өтуде», - делінген Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми сауалға жауабында.

Одан бөлек, Экология министрлігінен ғылыми институттың жұмыс жоспары, қаржыландыру көзі, кадр және материалдық базамен қамту жағын сұраған едік.

«Сізді қызықтыратын сұрақтарға толық ақпарат беру мүмкін емес», - деп қысқа қайырды ведомстводан.

Еске сала кетсек, қарашаның басында Каспий жағалауынан 500-ден астам итбалықтың өлексесі табылды. 

Кейін жаппай қырылған итбалықтың саны 1 мыңға жуықтады. 

Одан бөлек, Маңғыстауда итбалықтармен қоса бекіре тұқымдас балықтар мен су құстары да қырылып жатқаны белгілі болды. 

14 қарашада Ауыл шаруашылығы министрлігі Каспий теңізінде қырылған итбалықтарды зерттеуге қатысты алдын ала мәліметті жариялады