ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтың айтуынша, қаза болу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі («ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («кеме жүргізу қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық істер қозғалған.
— Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-жаттығуларды ұйымдастыруға және құтқару іс-шараларын жүргізуге байланысты заң бұзушылықтарға жол берді деп күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Олардың іс — әрекеттеріне құқықтық баға беріледі, — деді Санжар Әділов.
Оқиғадан кейін құтқарылған әскери қызметшінің жағдайы туралы мәселе жеке қаралды. Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың айтуынша, әскери қызметшінің жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Әскери қызметші есін жиып, барлық қажетті медициналық көмекті алып жатыр. Жанында ата-анасы бар.
Отырыс барысында қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсету жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, барлық түскен қаражатты бөлудің абсолютті ашықтығын қамтамасыз етіледі. Бұл ретте материалдық көмек заңда белгіленген мемлекеттік төлемдер мен өтемақыларды ғана емес, сонымен қатар бизнес өкілдері мен меценаттар тарапынан қаржылық қолдауды да қамтитын болады.
Осы қаражатты шоғырландыру үшін арнайы қор ашылды. Қор қызметін Маңғыстау облысының әкімдігі тұрақты бақылауға алды.
Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.
Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.
Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.
Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.
Бүгін Каспийде екі әскери қызметшіні іздеу операциясына жүздеген адам жұмылдырылғаны хабарланды.
Сонымен қатар әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар күдікке ілінгені туралы жазған едік.
Айта кетелік Каспийдегі төтенше жағдайдан кейін құтқарылған әскери қызметші есін жиған еді.
Бүгін Каспий теңізінде жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылып, іздестіру операциясы аяқталған еді.