«Қайрат» — «Реал Мадрид» матчының билеттеріне қатысты жалған ақпарат тарады
АСТАНА. KAZINFORM — «Қайрат» клубы ресми мәлімдеме жасап, Чемпиондар лигасы матчының билеттері әлі сатылымға шықпағанын айтты.
«Қайрат» ФК әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, жанкүйерлерді алаяқтарға алданбауға шақырды.
— Әлеуметтік желілерде таралып жатқан «Қайрат» — «Реал Мадрид» УЕФА Чемпиондар лигасы матчының билетін сату немесе алдын ала брондау жайлы ақпарат — шындыққа жанаспайтын, жаңсақ хабарлама. Билетке қатысты жалғыз ресми дереккөздер — клубтың ресми сайты мен «Қайрат» ФК-ның әлеуметтік желідегі ресми парақшалары. Қазіргі уақытта билеттің сатылымға шығу күні мен бағасы бекітілген жоқ. Жанкүйерлерден бөгде хабарландыруларға сенбеулерін және билетті бейресми арналар арқылы сатып алмауларын қатаң түрде сұраймыз, — делінген клубтың хабарламасында.
Осыдан бұрын «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының билеттерін қашан және қайдан сатып алуға болатынын жазған едік.
Еске салсақ, кездесу 30 қыркүйек күні Алматының Орталық стадионында өтеді. Матч жергілікті уақыт бойынша сағат 21:45-те басталады.