Отырыс барысында орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары тергеу шараларының барысы, сондай-ақ қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккендерге көмек көрсету шаралары туралы баяндама жасады.
Алғашқы тергеу әрекеттерінің нәтижелері туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов баяндады. Оның айтуынша, әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
— Бүгінгі таңда қылмыстық іс аясында бес лауазымды тұлғаның күдікті ретіндегі мәртебесі процессуалдық тұрғыда рәсімделіп, олар Ақтау қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың қатарында ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және катер командирі бар. Тергеу және процессуалдық шаралар толық көлемде жалғасып жатыр, қажетті сараптамалар жүргізілуде. Тергеу барысында барлық қатысы бар тұлғалардың әрекеттеріне қатаң құқықтық баға беріліп, күдіктілердің толық құрамы түпкілікті анықталады, — деді Санжар Әділов.
Отырысты қорытындылай келе, Үкіметтік комиссияның төрағасы Қанат Бозымбаев мемлекет қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсету жөніндегі барлық міндеттемені толық көлемде өз мойнына алатынын атап өтті. Заңда көзделген кепілді төлемдер кідіріссіз жүзеге асырылады. Әр отбасыға тұрақты түрде атаулы қолдау көрсету үшін жауапты мамандар бекітіледі.
Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелеріне, Құрылтай депутаттарына, саяси партияларға, кәсіпкерлерге, меценаттарға және барлық жанашыр азаматтарға көрсеткен ынтымақтастығы үшін алғыс айтылды. Азаматтық бастаманың арқасында арнайы қорға қажетті қаражат жинақталды. Осыған байланысты қаражат жинау жұмысы аяқталды деп жарияланды.
Қор қаражатын отбасыларға және зардап шеккендерге ашық, атаулы әрі әділ бөлу мақсатында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіповтің жетекшілігімен арнайы комиссия құрылды.
Құқық қорғау және мемлекеттік органдарға қаражаттың мақсатты жұмсалуына қатаң бақылау орнату тапсырылды.
Тергеу барысы мен жан-жақты көмек көрсету жұмыстары Үкіметтік комиссияның бақылауында.
Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.
Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.
Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.
Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.
Бүгін Каспийде екі әскери қызметшіні іздеу операциясына жүздеген адам жұмылдырылғаны хабарланды.
Сонымен қатар әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар күдікке ілінгені туралы жазған едік.
Айта кетелік Каспийдегі төтенше жағдайдан кейін құтқарылған әскери қызметші есін жиған еді.
Бүгін Каспий теңізінде жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылып, іздестіру операциясы аяқталған еді.
Сонымен қатыр Каспийдегі әскери қызметшілердің қазасына байланысты қылмыстық іс екі бап бойынша тергеліп жатыр.
Қызметке салғырт қарау және корабль жүргізу қағидаларын бұзу бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалар ұсталды.