Қазақстан АҚШ-пен стратегиялық салаларда 5,2 млрд долларлық 11 құжатқа қол қойды

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

НЬЮ-ЙОРК. KAZINFORM — Мемлекет басшысының Америка Құрама Штаттарына сапары аясында қазақстандық компаниялар әлемнің ірі корпорацияларымен құны 5,2 миллиард доллар болатын 11 құжатқа қол қойды. Бұл туралы Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті.

— Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркқа жұмыс сапары кезінде Қазақстан мен АҚШ-тың ірі компаниялары арасында 11 келісім мен меморандумға қол қойылды. Көлік-логистика, энергетика және ақпараттық технологиялар сияқты стратегиялық тұрғыдан маңызды салаларды қамтитын бұл құжаттар еліміздің экономикасына 5,2 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартуды көздейді, — делінген хабарламада.

Фото: Видеодан алынған скрин

Мұндай келісімдер «Қазақтелеком», «Қазақстан темір жолы», «Самұрық-Қазына», ұлттық әл-ауқат қоры, «ҚазМұнайГаз», Amazon Kuiper, International Finance Corporation, Lummus Technology, Exxon Мobil, Chevron, LanzaJet және Wabtec, сондай-ақ АҚШ-тың экспорт-импорт банкі сияқты компаниялар мен қаржы ұйымдары арасында жасалды.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жұмыс сапары барысында Дональд Трамппен сөйлесті.

Президент Американың бизнес өкілдерімен өткен «дөңгелек үстел» отырысында сөз сөйледі.