Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ойындарында 56 медаль жеңіп алды

Фото: ҚР ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан құрамасы Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарындағы өнерін аяқтады.

ҚР ҰОК мәліметінше, жалпы есепте отандастарымыз 56 медаль еншіледі. Оның 15-і - алтын, 20-сы - күміс, 21-і - қола медаль. Осылайша Қазақстан жалпыкомандалық есепте жетінші орынға тұрақтады.

Жүзу, ауыр атлетика және джиу-джитсу құрамалары ел қоржынына үш медальдан салды. Үстел теннисшілері екі алтын медаль жеңіп алды. Дзюдо, муай-тай, семсерлесу және карате спортшылары бір-бір алтын медальмен жарысты аяқтады.

Қазақстандық атлеттер командалық жарыста да жүлдегер атанды. Әйелдер құрамасы гандболдан финалға дейін жетіп, екінші орынға ие болды.

Медаль кестесінде Түркия көш бастады - 72 алтын, 44 күміс және 39 қола. Екінші орынға Өзбекстан ие болды (29 алтын, 35 күміс, 32 қола). Үздік үштікті Иран түйіндеді (29 алтын, 19 күміс, 33 қола).

Айта кетейік, бұл жарыста еліміздің намысын 100-ден астам спортшы қорғады. Олар бағдарламаға енгізілген 23 спорт түрінің 15-інде бақ сынады.

Айта кетейік, Мансұр Хабибулла Ислам ынтымақтастығы ойындарында үшінші орын алды.

Мариан Журавлева Ислам ынтымақтастығы ойындарының алтын медалін жеңіп алды.