Қазақстан көктемгі су тасқыны салдарын өзгенің көмегінсіз еңсере алды – Президент
АСТАНА. KAZINFORM – АЭС құрылысы бойынша референдумда дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдерімен сұхбаттасқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа көктемгі су тасқыны жөнінде сауал қойылды.
«Биыл көктемде еліміз теңдессіз су тасқынына тап болды және өңірлердің апатқа толықтай дайын еместігі білінді. Осы оқиғадан кейін қандай да бір қорытынды жасалды ма?» - деп сұрады БАҚ өкілдері Президенттен.
Мемлекет басшысы мұндай табиғи апат тек елімізде ғана емес, әлемнің бірқатар өңірінде болғанына назар аудартты.
«Қорытынды жасалды. Дегенмен, мұндай табиғи апат жер шарының барлығын дерлік шарпығанына назар аударыңыздар. Таяуда ғана Орталық Еуропада алапат су тасқыны орын алды. Оған дейін АҚШ-та өте қатты дауыл соқты, Вьетнамда да болды. Мұндай табиғи апатты болжау өте қиын, бірақ біз оған дайынбыз және алдын алу шараларын міндетті түрде қабылдау қажет. Сондықтан да шаралар қабылданды. Байқасаңыздар, Қазақстан бұл проблеманы өзгенің көмегінсіз еңсере алды. Біз қаржылық да, адами да ресурстарды шоғырландыра алдық. Үкімет пен әкімдіктердің белсенді жұмысының арқасында барлық салдарын еңсере алдық. Қалай дегенде де, су тасқыны кезінде зардап шеккендер жаңа баспана алды. Мен көмектен ешкім де тыс қалмайтындығына уәде бердім және негізінен біз бұл тапсырманы орындадық», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС бойынша референдумда дауыс бергенін жазған болатынбыз.
БАҚ өкілдерімен шағын сұхаты барысында Мемлекет басшысы Үкімет жұмысына баға берді.
Сондай-ақ тілшілер сұрағына орай, ұстаздардың қоғамдық мәртебесі міндетті түрде көтерілетінін айтты.
Еске салсақ, Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров елдің барлық өңірінде Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум басталғанын ресми мәлім етті.
1 шілдедегі жағдай бойынша ел көлемінде 12 176 968 адам референдумда дауыс беруге хақылы.