Сапар аясында Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің Біріккен Араб Әмірліктері премьер-министрінің орынбасары әрі Ішкі істер министрі Шейх Саиф бен Заид Әл Нахаянмен келіссөздері өтті.
Тараптар қылмысқа қарсы күрес саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселесін талқылады. Атап айтқанда, ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа, киберқылмысқа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, қылмыскерлерді іздестіру, жедел ақпарат алмасу, заманауи технологияларды енгізу және кадрларды даярлау мәселелері қарастырылды.
Келіссөздердің басты нәтижесі ретінде Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Ішкі істер министрлігі арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа қол қою екі ел азаматтары үшін әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге және қосымша қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Жыл сайын Біріккен Араб Әмірліктеріне шамамен 400 мың Қазақстан азаматы барады. Сонымен қатар БАӘ аумағында 14 мыңға жуық қазақстандық азамат тұрақты түрде тұрады.
Қол қойылған меморандум оларға жүргізуші куәліктерін пайдалану кезінде жеңілдіктер әкелмек. Меморандум ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тануды, сондай-ақ құжатта көзделген жағдайларда оларды жеңілдетілген тәртіппен айырбастауды қарастырады. Меморандум тараптар қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтағаннан кейін күшіне енеді.
Сапар барысында қазақстандық делегация БАӘ-нің дағдарыстық жағдайлар жөніндегі ұлттық агенттігінің қызметімен танысты. Сондай-ақ Ішкі істер министрі Ержан Саденов EDGE Group технологиялық конгломератының басшылығымен кездесу өткізді. Кездесу барысында жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, арнайы техника мен қару-жарақ салаларындағы озық әзірлемелер, сондай-ақ құқық қорғау қызметіне арналған заманауи технологиялық шешімдер таныстырылды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қол жеткізілген келісімдер Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және басқа да көптеген бағыт бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал етеді.
Қымыз ішкен адам да мас болып, жүргізуші куәлігінен айырылады. Алкотестерде промилле нормадан жоғары болса, мамандар қорытындыда «масаң күйде» деп жазып береді. Жазасы — 7 жылға дейінгі мерзімге жүргізуші куәлігінен айыру. Алкотестер тапсырудан бас тартса — 8 жыл. Қымыз ішкен адам шынымен мас бола ма? Kazinform тілшісі сала мамандарымен сөйлесті.