Қазақстан мен Монако Князьдігі арасында өзара құқықтық көмек туралы шарт қабылданды - Сенат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Монако Князьдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Шартқа сәйкес, тараптар қылмыстық істер бойынша бір-біріне өзара құқықтық көмектер көрсетеді. «Монако Князьдігі шағын, қауіпсіз әрі бай мемлекет. Оның аумағы екі шаршы шақырым ғана, яғни ЭКСПО-ға бөлінген жермен шамалас. Халқының саны 37 мың адамды құрайды, соған қарамастан, онда 50-ге жуық банктер жұмыс жасайды. Инвестициялық тартымдылығы жоғары болғандықтан, бұл елге қоныстанып тұрамын деушілер аз емес. Сол себептен қылмыстық қорғау саласындағы шартты Монакоға біз ұсындық», - дейді ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов. Оның айтуына қарағанда, Монакода жалғыз түрме бар екен. Ол теңіз жағалауында орналасқан әрі онда барлық жағдайлар жасалған. «Бүгінгі күні бұл жалғыз түрмеде небәрі тоғыз адам ғана жазасын өтеуде. Олардың арасында Қазақстан азаматы жоқ. Азаматтарымыз қай жерде болмасын, оларды қорғау, оларды қамқорлығымызға алу біздің Конституциямыздың талабы», - деді Бас прокурордың орынбасары. Оның сөзіне қарағанда, аталған шарт арқылы Қазақстан кейбір тергеу амалдарын Монакода жүргізу құқықтарын алады. Мәселен, куәден жауап алу, тінту жүргізу, заттай дәлелдемелерді іздеу, активтерді елге қайтару, ең ақыр аяғы қарапайым ақпарат сұрату да қамтылады. «Тараптар бұдан басқа да көмектер көрсете алады. Бір ғана шарт бар, бұл мәселелер екі елдің ұлттық заңнамаларына қайшы келмеуі керек. Бұдан басқа, екі мемлекет те ондай көмектер көрсетуден бас тартуға құқылы. Оның негіздері шартта анық айқындалған», - деді Ж.Асанов.