Қазақстан мен Сауд Арабиясы тау-кен металлургия секторындағы әріптестікті күшейтпек

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тау-кен металлургия саласындағы әріптестік жаңа деңгейге көтеріліп, жаһандық шикізат нарығындағы өзгерістердің маңызды бөлігіне айналып отыр. Әлемде минералддық ресурстарға сұраныс артып отырған кезеңде екі ел инвестиция, технология және логистика бағыттарындағы ынтымақтастықты күшейтіп, жаңа жеткізу тізбектерін қалыптастыруға кірісті.

Фото: Үкімет

Бұл туралы бүгін астанада өтіп жатқан 16-Халықаралық тау-кен металлургия конгресінде Сауд Арабиясы өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрі Бандар бин Ибрахим Әл-Хураиф айтты.

Жиында сөз алған Сауд Арабиясының өкілі Қазақстанда өткен халықаралық форум аясындағы кездесулердің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ынтымақтастық тек сауда-экономикалық байланыстармен шектелмей, инвестиция, технология және логистика бағыттарында тереңдей түсуі тиіс. Екі елдің ресурстық әлеуеті мен экономикалық мүмкіндіктері бірін-бірі толықтырып, жаңа бірлескен жобаларға жол ашуы керек, - деді Ибрахим Әл-Хураиф.

Екі ел ұзақ мерзімді жобаларға басымдық бермек

Әл-Хураиф Қазақстан Премьер-министрімен және өнеркәсіп саласына жауапты мемлекеттік органдармен өткен келіссөздерге ерекше тоқталды. Сондай-ақ ол Астана халықаралық қаржы орталығының басшылығымен және елдегі ірі компаниялармен өткен кездесулердің тәжірибелік маңызы жоғары болғанын жеткізді.

– Біз Қазақстанмен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға үлкен қызығушылық танытып отырмыз. Екі елдің де ресурстық базасы, географиялық орналасуы және өндірістік әлеуеті өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, - деді Сауд Арабаия өкілі.

Ол сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Қазақстанның геологиялық барлау және жер қойнауын игеру салаларында бірін-бірі толықтыратын мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. Қазақстанның ауыл шаруашылығы және өндірістік әлеуеті, ал Сауд Арабиясының қайта өңдеу және өнеркәсіптік инфрақұрылымы бірлескен құн тізбектерін қалыптастыруға ықпал етеді.

– Сауд Арабиясы 2023 жылы қабылданған даму стратегиясы аясында тау-кен металлургия секторын басты бағыттардың бірі ретінде белгіледі. Бұл сала ел экономикасын әртараптандырумен қатар, жаһандық шикізат нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған, - деді ол.

Геологиялық барлау мен инвестиция көлемі артып келеді

Әл-Хураиф кен өндіру саласының күрделі әрі капиталды қажет ететінін, сондықтан ұзақ мерзімді инвестициялар мен жоғары технологиялардың рөлі ерекше екенін айтты.

– Цифрландыру мен инновациялар бұл сектордың болашағын айқындайтын негізгі факторларға айналып келеді, - деді СА өкілі.

Сонымен қатар ол логистикалық инфрақұрылымның жаһандық сауда мен шикізат қозғалысындағы шешуші рөлін атап өтті. Сауд Арабиясы өзінің энергетикалық ресурстары, өнеркәсіптік базасы және стратегиялық географиялық орналасуы арқылы халықаралық жеткізу тізбектерінде маңызды орын алып отырғанын да атап өтті.

Тараптар алдағы кезеңде нақты инвестициялық жобаларды іске қосу, геологиялық барлау саласында бірлескен жұмыстар жүргізу және жеке сектор арасындағы әріптестікті кеңейту бойынша келісімдерді жалғастырмақ.

Айта кетейік, бүгін елордада тау-кен металлургия саласындағы ең ірі халықаралық алаңдардың бірі — 16-Astana Mining & Metallurgy (AMM 2026) халықаралық тау-кен металлургия конгресі өз жұмысын бастады. Аталған іс-шараға 15 елден 69 компания қатысып жатыр. Олардың қатарында Аустралия, Германия, Италия, Канада, Қытай, Сауд Арабиясы, АҚШ, Финляндия, Франция, Чехия және Швеция секілді мемлекеттер бар.

Бұған дейін айтулы шараға қатысқан Үкімет басшысы 2026-2028 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына мемлекет тарапынан шамамен 470 млн доллар инвестиция салынатынын атап өткен еді.