Қазақстан параспортшылары Азиададан тағы үш медаль жеңіп алды
Қытайдың Ханжчоу қаласында өтіп жатқан Азия параойындарында қазақстандық параспортшылар тағы үш медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: kaz_para_judo/Instagram
Қазақстандық парадзюдошы Жанбота Аманжол J2 санаты бойынша 90 келіге дейінгі салмақта финалға дейін сүрінбей жетті.
Жанботаның соңғы бәсекедегі қарсыласы мықты болды, оңтүстіккореялық Ли Чон Мин 2018 жылғы Азия пара ойындарының және биылғы әлем чемпионы еді.
Ол Жанботаны иппон әдісімен жеңіп кетті.
Фото: kaz_para_judo/Instagram
Тағы бір парадзюдошы Ғалымжан Смағұлұлы J2 санаты бойынша 90 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін белдесуде Отабек Элисбековты (Өзбекстан) 1:0 есебімен қапы қалдырды.
Сонымен қатар паратаеквондошы, екі мәрте әлем чемпионы Өмірәлі Нышан күміс жүлдені қанағат тұтты.
Фото: Туризм және спорт министрлігі
Ол К44 санаты бойынша 80 келіден астам салмақта 2021 жылғы әлем чемпионы, ирандық Хамед Хагшенасқа 11:30 есебімен жол берді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Райфованың Азия пара ойындарының күміс жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).