Қазақстан-Ресей шекарасының Ақтөбе облысы аумағында жүк көлігі көбейді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ресейдің Маштакова, Озинки шекара бекетінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Салдарынан Тасқала мен Сырым бекетінен өтуі тиіс жүк көліктері Ақтөбенің Жайсаң бекетіне ауысып, мұнда кептеліс түзелді. Қазір шекарадағы өткізу жолағының тәртібі өзгерді.

Фото: newscentralasia

Жайсаң шекара бекетінде жүк көліктері көбейді. РФ Саратов облысы аумағындағы Маштакова, Озинки шекара өткізу бекетіндегі жол-тексеру кешендеріне техникалық тексеру жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге жүк көліктеріне арналған жол да күрделі жөндеуден өтпек. Салдарынан транзиттік және ресейлік жүк көліктері Жайсаң шекара бекетіне қарай ағылып жатыр.

- Экспорт бағытында, яғни, Қазақстаннан Ресейге өту кезінде кептеліс болды. Себебі шығуға арналған бейтарап жолақ бос болмай қалды. Ресей тарапы үлгермей, көлікті баяу өткізді. Негізі Жайсаң автоөткізу бекетінде 8 жолақ бар. Төртеуі шығу, төртеуі кіру жолағы. Ал Ресей тарапында екі жолақ қарастырылған. Автокөліктердің қозғалысын реттеп, оны кіргізіп-шығару, жеке тұлғаларды тексеру шекара қызметінің құзырына кіреді. Экспорттық бақылау бөлімі қызметкерлерінің міндеті - құжатты жүйеге енгізу, мониторинг жүргізу, тіркеу. Бір жүк көлігін тіркеу үшін 5-7 минут қажет. Ресейден жүк көлігі көп келіп жатқан соң төрт жолақтың үшеуін жүк көліктеріне арнап қойдық. Қалғаны автобустар мен жеңіл көлікке арналды. Бұған дейін екеуі жүк көлігіне, қалған екеуі жеңіл көлік пен автобустарға арналған еді,- деді Ақтөбе облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Бақытжан Маханов.

Оның айтуынша, бұл уақытша қиындық. Ол жүк тасымалдаушылар мен салық төлеушілерден түсіністікпен қарауды сұрады.

- Қазір төрт терезе жұмыс істеп тұр. Екеуі экспорт, екеуі импорт. Бұған дейін 900-ге жуық автокөлік кіріп-шықса, кеше 1100-ден асып кетті,- деді Бақытжан Маханов.

Айта кетейік, Ресейдің екі шекара бекетінде жөндеу жұмыстары 31 қазанға дейін аяқталуы тиіс. Бұған дейін Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара бекетінде көлік қозғалысы уақытша шектелуі мүмкін екені айтылды.