Қазақстанда 142 ауылдың су инфрақұрылымы жаңарады

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Қазақстанда 142 ауылды қамтитын 12 ауызсу жобасын аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде шамамен 540 мың тұрғынның сумен жабдықтау жағдайы жақсарады. Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов қай өңірлерде су нысандары салынатынын баяндады.

Фото: tolqyn.kz

Вице-министрдің айтуынша, еліміздің бірқатар өңірінде жаңа су қоймалары салынып, қолданыстағы ирригациялық жүйелер қалпына келтіріліп жатыр.

Түркістан облысында жалпы сыйымдылығы 69,1 млн текше метр болатын «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс» су қоймалары салынып жатыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын биыл аяқтау көзделген.

– Сондай-ақ, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында тағы үш су қоймасын салу үшін мердігер ұйымдар анықталып жатыр. Тағы 12 гидротехникалық құрылысты қайта жаңғырту және үш су нысанын санациялау жобасы іске асырылуда, – дейді спикер.

Ирригациялық желілерді жаңарту жұмыстары да бірнеше өңірді қамтиды. Қазір Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Алматы және Жетісу облыстарында жалпы ұзындығы 979 шақырым болатын 96 канал қайта жаңғыртылып жатыр.

Ал Түркістан облысындағы Көксарай контрреттегішін реконструкциялау үшін мердігер ұйым іздестірілуде. Тағы сегіз су қоймасын жаңғыртуға дайындық басталған.

Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстарында 64 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 46-сы бойынша жұмыс толық аяқталған. Жобалар аясында жалпы ұзындығы 717 шақырым канал жаңғыртылуы тиіс. Бүгінге дейін оның 486,9 шақырымы қалпына келтірілді. Жыл соңына дейін тағы 73,9 шақырым каналға қатысты бес жобаны аяқтау жоспарланған. Қалған 13 жоба 2027-2028 жылдары іске асырылады.

Ал Түркістан мен Жетісу облыстарындағы сегіз жоба аясында 210 шақырым ирригациялық каналдың бетондау жұмыстары толық аяқталды. Қазір гидротехникалық құрылыстар орнатылып жатыр. Сонымен бірге 512 тік дренаж ұңғымасын бұрғылау жұмысы түгел аяқталды. Оларды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Айта кетейік, Қазақстанда 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасы салынады. Сондай-ақ 37 су қоймасы мен 110 гидротехникалық құрылыс қайта жаңғыртылып, 14,5 мың шақырым канал жөнделеді.